Кенелердің белсенділік маусымы басталды. Өңірде бұл жәндік шағуына байланысты дәрігерлер көмегіне жүгінгендердің саны жиырмаға жуықтады. Оның біреуі бала.

Сәуір айының басынан бері өңірде кенелердің белсенділігі артты. Қазір жағдай тұрақты, десе де 19 адамды шаққан. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есеге жоғары. Мамандар мұндай өсімді күннің күрт жылынуымен байланыстырады, себебі кенелер жылы мезгілде ерекше белсенді болады.

Шахизада Тұрлыбаева, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы

«Алдымен, бұл жағдай ауа райының жылынуымен байланысты. Биыл көктем ерте келді. Тіпті +5...+7 градус шамасындағы температураның өзі кенелер үшін қолайлы, сондықтан олар осы кезеңде белсенді бола түседі. Әр адам өз қауіпсіздігі үшін сақтық шараларын сақтағаны жөн. Мәселен, табиғатқа шығар алдында денені толық жабатын киім кию керек. Сонымен қатар адамдар бір-бірін тексергені маңызды, өйткені бұл кенені дер кезінде байқап, киімнен алып тастауға мүмкіндік береді. Мұндай тексеруді әр 1-1,5 сағат сайын қайталап отырған дұрыс. Оған қоса, репелленттерді қолданған абзал. Бұл химиялық құралдар тек масадан емес, кенелерден де қорғануға көмектеседі»

Кене шағуынан кейін дәрігерлерге жүгінген облыс тұрғындарына күрделі ем-дом қажет болмады. Тексерулердің нәтижесінде науқастардан жұқпалы аурулар анықталған жоқ.

Шахизада Тұрлыбаева, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы

«Алғашқы белгілер – дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, сырқырап ауыру, бұлшықеттегі ауырсыну. Мысалы кене арқылы берілетін вирустық энцефалит кезінде жүрек айнуы, құсу сияқты шағымдардың да болуы мүмкін. Ал кене шағуына байланысты басқа инфекциялар кезінде лимфа түйіндерінің ұлғаюы, денеде бөртпелердің пайда болуы байқалады. Дегенмен, Павлодар облысының эндемиялық аймаққа жатпайтынын атап өткім келеді. Қазір кене арқылы берілетін вирустық энфецалит, Лайм ауруы немесе кене боррелиозы тіркелген жоқ. Адамға бұл аурулар жануардан инфекция жұқтырған кенеден ғана жұғады»

Кене энцефалиті соңғы рет аймағымызда өткен жылы тіркелген. Алайда мұндай жағдайлардың басым бөлігінде кененің шағуы облыстан тыс жерлерде болған.

Жұлдыз Қабылденова