Павлодар қаласындағы №116 балабақшада болған оқиғаға қатысты кезекті сот отырысы өтті. Бұл жолы сотта куәгерлерден жауап алынды. Оқиға былтыр маусым айында болғаны анықталған. Ата-аналар балаларға келтірілген зиян үшін өтемақы талап етіп отыр. Зардап шеккен 14 балаға әрқайсысына 10 миллион теңгеден, жалпы сомасы 140 миллион теңге өндіру сұралған.
Алдыңғы сот отырысында бейнежазбалар қаралды. Онда тәрбиешінің балаларға күш қолданғаны анық көрінді.
Сотта куәгер ретінде осы топтың тәрбиешісі жауап берді. Ол айыпталушымен бір топта жұмыс істейтінін айтты. Балаларға қатысты жағдайды көрсе де, еш әрекет жасамайтынын жеткізді. Сондай-ақ, балаға сөре құлаған оқиға туралы тек кейін бейнежазба арқылы білгенін айтты.
Тоғжан Сейітахметова, Павлодар қаласының №116 балабақша тәрбиешісі, куәгер
Балалар өзара төбелесіп жатса, оларды бір сәтке қабырғаға тұрғызатынмын. Басқа жағдайда қол тигізген емеспін, тек ескерту жасаймын. Сөре құлаған оқиға туралы кейін білдім. Түстен кейін келгенде бізге бейнежазбаны көрсетті. Сол жерден сөренің еңкейіп, ішінде бір бала қалғанын көрдім. Бірақ нақты кім екенін есімде жоқ.
Айыпталушы кінәсін мойындады. 14 ата-ана өтемақы талап етіп отыр. Әр балаға 10 миллион теңгеден, жалпы 140 миллион теңге көлемінде өтемақы сұралды. Сондай-ақ, куәгерлер оқиға кезінде әрекет етпеді деген пікір айтылды.
Ксения Нуриманова, ата-ана
Соңғы рет баламды бетіндегі жарақатпен алып кеттім, көзі де ісіп кеткен еді. Тәрбиеші оны басқа бала ұрды деді. Бірақ бейнежазбаны көргенде жағдай мүлде басқаша екенін байқадық. Кейбір қызметкерлер балаларға күш көрсетілгенін көрсе де, еш әрекет жасамаған. Біз толық өтемақы талап етеміз. Балалар тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да зардап шекті. Қазір олар шошып оянады, қатты дыбыстан қорқады.
Айыпталушы талап-арызды мойындағанымен, көрсетілген өтемақы көлемімен келіспейді. Ол бұл соманы тым жоғары деп есептейді және сот белгілейтін шешіммен келісетінін айтты. Сот отырысы жалғасады.
Сабина Жолдаспаева