Кейде өзгерістер аса маңызды, күрделі шешімдерден кейін емес, жай ғана есік алдына шығып, өз аулаңды тазалаудан басталады. Павлодар қаласының тұрғыны Елена Тюшевская осылайша көпке үлгі болып жүр. Бір күні ол қолына сыпыртқы алып, аулаға шықты, солайша көптің көзіне түсті.
Бұндай істерден Елена Александровна да басқалар сияқты әркез түрлі сылтау тауып, қашқақтайтын. Бірақ ойы мен көзқарасы жалғыз күнде өзгерді. Айналаны тазалауды, қоршаған ортаға деген қамқорлықты өзінен бастауды жөн көрді.
Елена Тюшевская, Павлодар қаласының тұрғыны
Мен өзімнің қаланың, елдің, жалпы жер шарының бір бөлігі екенімді түсіндім. Көршілерге жазып, тазалық жасауға шығайық деген ұсыныс тастадым. Бірақ көбі жұмыста екенін айтты. Сосын өзім шықтым және нәтижеге көңілім тола бастады. Бірнеше сағат жинап келемін, бір қарасам, көршілер шығыпты, одан кейін аула тазаулаушы да шықты.
Елена Тюшевская өзінің аула тазалап жатқанын түсіріп, әлеуметтік желіге сала бастады. Бұл өзінің көңіл күйін көтеретін, өзгелерді жақсылыққа шақыратын өте позитивті бейнелер еді. Ол қала тұрғындарының ғана емес, қалалық әкімдік өкілдерінің де назарын аударды. Осылайша белсенді азаматқа облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Елена Тюшевская, Павлодар қаласының тұрғыны
Мен біздің әкімдердің жұмысына ризамын. Мен көргенімнің бәрін түсіріп, инстаграмға сала беремін. Шырша ағашын түсірсем, оны саламын. Басқаны түсіріп алсам, оны саламын. Сондықтан мені бәрі біледі.
Елена алдағы уақытта ауласында түймедақ, көк гүлді отырғызуды жоспарлап отыр. Осылайша өзі тұратын ауланы әсемдемек. Бұл кейіпкеріміз үшін жай ғана аумақты жинастыру емес, бұл өзі тұратын кішкентай әлемге жасаған қамқорлығы. Оның айтуынша, кез келген адам өзі тұратын үйді, ауланы, қаланы, мемлекетті таза ұстап, қамқор болатын болса, әлем де жақсы жаққа өзгереді.
Самал Қалиқызы