Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні мерекелері қарсаңында «Отбасы батыры – ел батыры» атты қалалық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шара бастамашысы – «Майдан жолы» іздестіру жасағы. Толығырақ – алдағы сюжетте.

Байқауға қатысқан оқушылар өз туындылары арқылы отбасыларының тарихын терең бейнелеп, жеңіс сыйлаған қаһармандардың ерлігін көркем түрде жеткізді. Әрбір сурет – тек шығармашылық жұмыс емес, өткенге деген тағзым мен бейбіт өмірге деген шынайы алғыстың көрінісі болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай тағылымды бастамалар жас ұрпақтың тарихи жадысын қалыптастырып, оларды елін қорғаған батырларды қадірлеуге және ұмытпауға тәрбиелейді.

Оқушылар өз туындыларында әр дәуірдің батырларын бейнелеп, ерлік пен батырлықты, Отанға деген сүйіспеншілікті сурет арқылы жеткізді. Байқауға Павлодар қаласының 24 мектебінен 100-ден аса оқушы қатысты.

Алина Қабжәмит, байқау қатысушысы

«Мен бұл жұмысымды жеңістің символы іспетті бейнеледім. Мұнда жарық сәулелері сияқты бір-бірімен байланысқан. Мұқият қарасаңыз, жұмыс атауының мәнін оңай түснуге болады. Бұл суретті үш күнде салдым және уақытымы оған жұмсағаным үшін еш өкінбеймін»

Ясмина Ахметқали, байқау қатысушысы

«Мен суретімде бейнеленген Мәншүк Мәметова туралы айтқым келеді. Мәншүк Мәметова 72 жауды жойып, шайқаста жарақат алған. Көзі тірісінде оған атақ бермесе де, кейін ерлігі еленген. Мен А3 парағын қолдандым. Оны екіге бөліп, маркерлермен сурет салдым»

«Отбасы батыры – ел батыры» байқауы балалардың шығармашылығы арқылы ұлы ерлікті ұмыт қалдырмай, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге арналған маңызды бастама болды.

Жұлдыз Қабылденова