Екібастұз қаласында еліміздің түкпір-түкпірінен келген мергендер бас қосты. Жүзге жуық садақшы қатысқан республикалық жарыс дәстүрлі спорттың қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.


Екібастұз қаласы әкімінің кубогына арналған додаға 15 облыс пен 2 қаладан спортшылар жиналды. Әр өңірде өткен іріктеу кезеңінен кейін үздік шыққан төрт мерген республикалық кезеңге жолдама алған.


Жарыс «Жамбы нысанасы» бойынша өтті. Қатысушылар 30 метр қашықтықтан диаметрі 25 сантиметрлік нысанаға дәлдікпен оқ атты. Сайыс халықаралық ережелерге сәйкес ұйымдастырылған.


Бұл жолғы додаға тек ересектер санаты, яғни 24 жастан асқан спортшылар қатысты. Қатысушылар арасында ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі мергендер де бар.


Мамандардың айтуынша, мұндай жарыстар жас спортшыларға мотивация беріп, шеберліктерін арттыруға мүмкіндік жасайды.


Қатысушылар жарыстың тек спорттық емес, тарихи маңызы да зор екенін атап өтті. Павлодар өңірі батырлар мекені ретінде белгілі, ал бүгінгі буын сол дәстүрді жалғастырып келеді.


Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Үшінші орынға 100 мың теңге, екінші орынға 150 мың теңге, ал бірінші орын иегеріне 200 мың теңге табысталды.