Павлодарда «Әйелдің білімі – болашақ ғылымының негізі» тақырыбында ғылыми-сараптамалық конференция өтті. Шара қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде ұйымдастырылды. Жиынға ғалымдар мен қоғам белсенділері қатысты.

Шарада ғылым саласындағы әйелдерді қолдауға бағытталған бірқатар жобалар таныстырылды. Солардың бірі – машина бөлшектерін өңдеуге арналған заманауи металл кесу құралдарын жетілдіруге бағытталған жоба. Бұл өндірістегі бөлшектердің сапасын арттырып, олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Жанар Мусина, техника ғылымдарының кандидаты

Біз әзірлеп жатқан құралдар энергияны үнемдеуге және олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға бағытталған. Нәтижесінде бөлшектердің сапасы жақсарып, ұзақ уақыт пайдалануға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, бұл құралдар күрделі пішінді бөлшектерді дайындауда да тиімді қолданылады.

Конференция барысында қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасып, ғылымды дамытуға қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды. Шараның мақсаты ғылымдағы әйелдердің рөлін арттырып, олардың әлеуетін қолдау арқылы отандық ғылымның дамуына серпін беру.

Шолпан Каринова, «Amanat» партиясының хатшысы

Қазақстандық ғылымға келетін болсақ, оның 55 пайыздан артығы бүгінде әйел ғалымдар. Әлемде бұл өте жоғары көрсеткіш. Сондықтан Қазақстандық ғылымды танымал ету, оның ішінде әйелдердің жұмысын танымал ету бүгінгі күні партиямызда басты басымдықтарының бірі. Жалпы ғылымды қолдау, оның ішінде жас ғалымдарды қолдау бойынша үлкен жұмыс қолға алынған елімізде. Бұл бойынша ғылым және жоғары білім министрлігі үлкен жұмыс атқаруда. Оның ішінде гранттық қаржыландыру мәселесіне де қатысты бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің мақсат осыны елге танымал ету. Неғұрлым халыққа жеткізе білу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, жаңа бастамаларға жол ашады. Сондай-ақ, әйелдердің ғылымдағы белсенділігін арттырып, жас буынға үлгі болуға ықпал етеді.

Сабина Жолдаспаева