Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері тарап жатқанын ескертуде. Polisia.kz. сайтындағы мәліметке қарағанда, алаяқтар жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдаланып, шынайы адамнан айнымайтын бейнелер мен аудиоларды жасауда.
Заманауи технологиялардың арқасында олар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк секторының өкілдері немесе басқа да ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстыра алады.
Бейбіт Біржанов, ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының бастығы
Атап айтқанда, азаматтарға бейнеқоңыраулар келіп түсетін жағдайлар тіркелуде. Онда белгісіз тұлғалар жалған бейне мен дауысты пайдаланып, өздерін полиция, ұлттық қауіпсіздік органдары немесе банк қауіпсіздік қызметінің мамандары ретінде таныстырады. Күдікті операцияларды анықтауымыз керек немесе қаражаттың сыртқа кету қаупі бар деген сылтау айтады. Осылайша, азаматтарды ақшаны дереу «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді. Сонымен қатар ресми хабарламаларға ұқсас хаттар мен құжаттарды жіберу, мемлекеттік органдар немесе қаржы ұйымдарының өкілдерімен сөйлесіп отырғандай әсер қалдыратын автоматтандырылған сервистер мен чат-боттарды пайдалану сияқты тәсілдер де қолданылады. Ішкі істер министрлігі, құқық қорғау органдары немесе банктердің қызметкерлері бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, құпия деректерді сұрамайтынын және телефон арқылы қаржылық операциялар жүргізуді ұсынбайтыны ескертіледі.
Алаяқтықтың құрбаны болмау үшін әркез сақтықты ұмытпау керек. Бейтаныс адамдардың ақша аударуға қатысты нұсқауларын орындауға, жеке және банктік деректерді ешкімге айтуға болмайды. Кез-келген ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріп, барлық алаяқтық фактілері мен әрекеттерді дереу полицияға хабарлау қажет.
Сабина Жолдасбаева