Ақтоғай ауданындағы аграрлық-техникалық колледжде BabySkills–2026 және JuniorSkills–2026 кәсіби шеберлік байқаулары өтті. Оған аудан мектептерінен 20-дан астам оқушы қатысты.


Байқаудың мақсаты – оқушыларға ерте кәсіби бағдар беру, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және ынтымақтастықты нығайту.


Колледж басшысы Жұмайхан Октябрьдің айтуынша, сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған 22 оқушы қатысқан.


Байқау «Жол қозғалысы ережелері» және «Аспаз ісі» бағыттары бойынша өтті. Қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, түрлі тапсырмаларды орындады.


Қатысушылардың бірі, 9-сынып оқушысы Толғанай Асхат аспаздық бағытта бақ сынап, көкөністер қосылған капкейктер дайындағанын айтты.


Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.