Екібастұз қаласында параолимпиадалық спорт түрлерінен турнир өтті. Бәсекеге еліміздің түрлі аймағынан спортшылар жиналды. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Қазіргі таңда параолимпиадалық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Ал Екібастұз қаласында мұндай турнир алғаш рет ұйымдастырылды. Шараға қала әкімі қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

АЯН БЕЙСЕКИН, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

Спорт – салауатты өмір салтының ғана емес, мықты рухтың символы. Спортпен айналысуды әдетке айналдырған жандардың, оның ішінде кәсіби спортшылардың саны артып келе жатқаны қуантады. Бүгінгі сайыс – мүмкін емес нәрсенің жоқ екенінің тағы бір дәлелі. Қатарларыңыздан болашақта халықаралық, әлемдің сайыстарды еліміздің намысын қорғайтын спортшылар шығады деген сенімдемін!

Сайысқа еліміздің түрлі облыстарынан 30-ға жуық қатысушы жиналып, өзара күш сынасты.

ГҮЛНӘР АҚМОЛДИНА, ТУРНИР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ

Спорт – шектеусіз мүмкіндіктер әлемі. Мен «мүмкіндігі шектеулі» деген терминмен келіспеймін, себебі бұл жандардың да мүмкіндіктері көп. Бүгінгі ойын пара спортшылардың қаншалықты мықты екенін және өмірге деген құлшынысын көрсетеді деп ойлаймын. Олар өзгелерге жігер сыйлайды, сондай-ақ өзгелермен тең екенін дәлелдейді

Параолимпиадалық спорт түрлерінің достар тауып, жаңа мүмкіндіктер ашудағы маңызын жаттықтырушы да атап өтті.

НИКОЛАЙ ХАВРОНЕНКО, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ

Паралимпиадалық спорт түрлері, бірінші кезекте, адамның мінезін, жігерін шыңдайды. Өйткені, бұл спортшылардың көбінде мүгедектік кейін пайда болған. оған қандай да бір апаттан, жол-көлік оқиғасынан тағы сол сияқты жайттар себеп болуы мүмкін. Ол да – бір психологиялық соққы. сондай кезде алдына мақсат қойып, оған жетуге, өмірінің мәнін түсінуге көмектеседі.

Турнирде өнер көрсетіп жатқан спортшылар жақсы көрсеткіштерге ие. Қатысушылар арасында түрлі деңгейдегі жарыс жүлдегерлері, спорт шеберіне үміткерлер бар.

РУСЛАН БОЛАТОВ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ (ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ)

Пауерлифтингпен екі жыл бұрын айналыса бастадым. ерекше қажеттіліг бар жандармен жұмыс істейтін жаттықтырушы бар екенін білген соң, осы спортқа қатыстым. Үнемі жарыстарға қатысамыз. Қарағанды, Павлодар сияқты қалаларда өткен турнирлерде өнер көрсеттім

Турнир соңында жеңіске жеткендер мен жүлдегерлер анықталды. Сондай-ақ барлық қатысушылар кубок және ақшалай сыйлыққа ие болды. Оған облыс әкімі қолдау көрсетті.

Жұлдыз Қабылденова