Тұтынушылардың құқығын қорғау – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Сауда-саттық кезінде сапасыз зат сатып алу, тауар бағасының дұрыс көрсетілмеуі бұдан бөлек басқа мәселелер туындауы мүмкін. Ондай жағдайға тап болғанда, не істеу керек? Бұл туралы тілшіміз баяндайды.

2024 жылдың 2 айында Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындардан 256 өтініш түскен. Өткен жылмен салыстырғанда өтініштер санының артқаны байқалады.

ДӘУЛЕН ҚАБДУШЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Ағымдағы жылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өтініштер саны 136 өтінішке өсті, өсім 113% -ды құрады. Оның ішінде 90 жазбаша өтініш (2023 жылдың 2 айында 45 өтініш), 35 өтініш бот жеделхатына келіп түсті, 8 тұтынушы басшының жеке қабылдауында, 48 тұтынушы Департамент мамандарымен қабылданды, "жедел желіге" 75 қоңырау түсті.

Мамандар тұрғындарды ғаламтор арқылы тауар сатып алу кезінде мұқият болуға шақырады, себебі алаяқтарға тап болу қаупі бар. Тек ресми дүкендерден сауда жасап, сатушының деректерін тексерген жөн.

ДӘУЛЕН ҚАБДУШЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Жақында бізге өтініш жазған тұрғын мынадай жағдайға тап болды: ол әлеуметтік желі арқылы ұялы телефон сатып алған және 100 пайыз тауардың құнын банк арқылы жіберген. Сатушы тауарды 5-10 күн ішінде жеткізуге уәде бергенмен, телефон тұтынушыға жеткізілмеді. Сонымен бірге сатушы тұтынушыны барлық әлеуметтік желіде бұғаттап тастаған. Сол себепті тұрғын департамент көмегіне жүгінді де, біз жағдайға талдау жасадық. Нәтижесінде, чекте Атырау қаласы көрсетілген, бсн бойынша Павлодар облысында, ал әлеуметтік желіде сатушы Петропавл қаласында орналасқан деп белгіленген. Демек, бұл – алаяқтық фактісі. Кейін сатушының өзі де алаяқтық жүйенің құрбаны болғаны анықталды». Қазір іс полиция департаментінің қарауында

Департамент қаңтар және ақпан айларында сауда саласында 11 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның барысында ескерту түріндегі жаза туралы 9 қаулы, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1 айыппұл және 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1 айыппұл шығарылды.

РАШИД ҚҰСАИНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ

Бізге тұрғындардан келіп түскен өтініштердің негізінде Екібастұз қаласындағы бірнеше дүкенге жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексерістен өткен алты дүкеннің бесеуінде бұзушылық анықталды, онда тауарларға 15 пайыздан жоғары үстеме қосылғаны белгілі болды, оларға ескерту жасалды және бағаларды төмендетуге мүмкіндік берілді.» «1 келі үшін ас тұзының бағасы 100 теңгеден 90 теңгеге, қарақұмық жармасы 450 теңгеден 225 теңгеге және күнбағыс майы литр үшін 680 теңгеден 630 теңгеге және 900 теңгеден 700 теңгеге дейін арзандады»

Осыған байланысты, сауда жасағанда мұқият болыңыз. Тауар бағасы витриналарында қойылған жапсырмамен рәсімделген бағадан асса немесе мүлде көрсетілмеген болса, бұзушылықтың суретін және түбіртекті департаментке жібере аласыз. Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Генерал Дүйсенов көшесі 9 мекенжайында орналасқан, «жедел желі» телефоны – 551070, сонымен қатар әлеуметтік желілерде департаменттің парақшалары бар.

Жұлдыз Қабылденова