Ауылдарға бөлінген төртінші деңгейлі бюджет қаражаты жеткіліксіз. Өйткені, оған тым мардымсыз ғана қаржы беріледі. Бұл елді-мекендердің проблемасын шешуге жетпейді. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенаты бюджет және қаржы комитетінің көшпелі отырысында айтылды. Өңірге іс–сапармен келген депутаттар аймақ әкімімен және облыстық мәслихаттың депутатарымен кездесті.

Павлодар облысында бюджеттің 64 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Ал қалған 36 пайызы ғана аудан қалаларды дамытуға жұмсалады. Бірақ, бұл елді-мекендердің жыртығын жамауға жетпейді. Жиында өңір атқамінерлері халық қалаулыларына бюджет туралы кодекске өзгертулер енгізгенде, осы мәселелер қаралса деген ұсыныстарын білдірді.

СҰЛТАНБЕК МӘКЕЖАНОВ - ҚР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ

Бюджеттік кодексті қарау аясында қазір мәжілісте біздің депутаттар араласып, жұмыс тобының қарамағына кіріп, осы әрбір өңірдің депутаттарымен бірге осы жұмысты әрі қарай жалғастырып, екі аптадан кейін сол бюдеттік кодекс бізге сенатқа келеді. Соған байланысты өзіңіздің рұқсатыңызбен облыстық мәслихатының депутаттарымен барлық деңгейдегі мәслихаттың төрағаларымен кездесіп, әлі бүгінде ертең де жұмысымызды жалғастырамыз. Сіз айтып отырған мәселелерді тисіт министрліктермен ақылдасып сөйлесеміз.

Бұдан бөлек жиында төртінші деңгейлі бюджеттің де жай күйі сөз болды. Бұл ретте облыс әкімі Асайын Байханов ауылдарға бөлек қаражат бөлу тәжірибесін енгізуді ұсынды. Бұл тәжірибе Павлодар қаласындағы 7 ауылға қолданылған. Қазіргі уақытта өз нәтижесін берді.

Жиында жобалық сметалық құжаттарды сараптамадан өткізу уақытының тым қысқалығы да айтылды. Өйткені, құжаттың жарамдылық мерзімі өтіп кеткендіктен, оны әр жолы сараптамадан өткізуге тура келеді. Бұған бюджеттен қомақты қаражат жұмсалады. Сондықтан облыс әкімі бұл түйткілді кемі 2 жылдық уақытпен бекітсе деген ұсынысын да жеткізді.

Депутаттар бұл ұсыныстардың жерде қалмайтынын жеткізді. Әр мәселені назарға алып, бюджет туралы жаңа заң кодексіне енгізетіндерін айтты.

Өзгеріс Қуанар