Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Алғашқы қоңырау салтанатында оқушылар қолдарына құшақ-құшақ гүл алып, ұстаздарына сыйлап жатады. Десе де соңғы уақытта «Мұғалімдерге гүл беруге бола ма және ол заңға қайшы әрекет емес пе?» деген сұрақтар жиі туындауда. Жауабын келесі сюжеттен көрейік.

Білім күнінде мұғалімдерге сыйлықтар, оның ішінде гүлдер беру заңды ма және мұндай әрекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды бұзбай ма? ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде ұстаздар 1 қыркүйекте және басқа мерекелерде гүлдер мен сыйлықтарды қабылдай алатынын түсіндірді. Олардың мәліметінше, мұғалімдер «пара алу» бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартыла алмайды, өйткені олар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға жатпайды. Бұл ретте Қылмыстық кодекстің «заңсыз сыйақы алу» бойынша 247-бабы мұғалімдерге қолданылатын көрінеді.

Айта кету керек, қолданыстағы заңнамада сыйлықты берушінің жауапкершілігі белгіленбеген екен.

Жақында Білім министрі Ғани Бейсембаев гүл ұстаз үшін ең жақсы сыйлық екенін айтқан. Жалпы қабылданған дәстүр бойынша, мұғалімдерге гүл сыйлау заңды бұзу болып есептелмейді. Тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалар тұрғысынан сұрақтардың пайда болмауы үшін қымбат сыйлықтар мен ұжымнан ақша жинаудан аулақ болған жөн.

Жұлдыз Қабылденова