Биыл бюджетке 2 трлн теңге салық түспеген. Бұл туралы Сенат отырысында қаржы министрі айтты. Оның сөзінше, кірістен шығыс көп. Сондықтан Ұлттық қордан трансферттелетін қаражат көлемі ұлғаяды. Бұл онсыз да әлсіреп әрі құнсызданып бара жатқан теңгеге әсер ете ме?

10 айда 10 рет түзеліп, Мәжіліс депутаттарының сынына ұшыраған бюджет туралы заң жобасын Сенат мақұлдады. Дегенмен, әлі де көңіл көншітпейтін тұстары көп. Мәселен, биыл бюджетке жоспарланған 2 трлн теңге салық түспеген. Шығыстар көлемі 24 трлн теңгеден асып кеткен. Ұлттық қордан трансферттелетін қаражат көлемі биыл 2 трлн теңгеге дейін ұлғайған.

МӘДИ ТАКИЕВ – ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2 трлн теңге транферт тарту барлық шұғыл шығыстарды, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруға мүмкіндік береді. Заң жобасы барлық жұмыст топтарымен егжей-тегжейлі талқыланды.

Ұлттық қордан ақша ала беру алаңдатарлық деңгейге жеткені өз алдына, төл валютаның құнсызданып бара жатқаны қынжылтады. Бұған дейін Ұлттық экономика министрі теңгенің әлсіреуіне соңғы айларда доллар индексінің жаһандық нығаюы, әлемдік мұнай бағасының төмендеуі және Ресей рублінің құнсыздануы әсер етті деген еді. Енді басты сұрақ, доллар бағамы 600 теңгеге дейін өсіп кетуі мүмін бе?

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ – ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ

 Біздің пайымдауымызша жақын болашақта доллар бағамы 600 теңгеге дейін жетпейді. Бірақ, ендігі әрі доллар құсызданып теңге нығаяды деп айта алмаймыз. Валютамыздың құны біршама факторға байланысты.

Ал, теңгенің әлсіреуі Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаражат көлеміне әсер ете ме? Осы сауалды депутаттар Қаржы министріне қойды. Мәди Такиевтің сөзінше, қордағы қаражат онсызда доллармен сақталады, сондықтан алаңдауға негіз жоқ.