Ғалым бот, Ертіс, Баян, Олаф, Жылан, Жезтырнақ. Осы жылы Президент шыршасының басты қонақтары осы кейіпкерлер болды. Шыршаға келген балақайлар ерекше ертегі әлеміне енді. Шыршаға әлеуметтік осал топқа жататын, мүмкіндігі шектеулі және жыл бойы сабақта жақсы нәтиже көрсеткен балалар қатысты. Толығырақ тілшіміз жалғастырсын.
Мерекелік шара Павлодар облысы әкімінің қатысуымен театрландырылған көрініс форматында ұйымдастырылды. Биыл шырша мерекесінің ерекшелігі – ертегі сценарийі, ұйымдастыру жұмыстары, модераторлары, музыкалық және хореографиялық нөмірлері болды. Алдымен өңір басшысы балақайларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Біздің Президент сіздерге үлкен үміт артады. Біз сіздерге барлық жағдайды жасауға тырысамыз.
Павлодар облысының әкімі Мемлекет басшысының атынан балаларға жаңа жылдық құттықтауын жеткізіп, сыйлықтар табыстады. Әр балаға Президент атынан құттықтау ашық хаты, танымдық кітап, жұмсақ ойыншық, тәттілер жиынтығы және 150 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат беріледі. Шара барысында балалар шыршаны жағып, ежелгі петроглиф бейнеленген ойыншықтармен безендіріп, ән айтып, би билейді.
Балалар үшін мереке шынайы ертегіге айналды. Олар Аяз ата, Ақшақар, Ертіс, Баян, Ғалым-бот, Айдаһар, Жылан, Жезтырнақ секілді кейіпкерлермен бірге қызықты сәттерді бастан кешті. Мемлекет басшысының шыршасына келген балақайлар қуаныштарын жасыра алмады.
ДИНАРА ТІЛЕУБЕКҚЫЗЫ, БЕРЕКЕ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ (АҚСУ АУЫЛДЫҚ АЙМАҒЫ)
Менің арманы орындалды. Мен осындай шыршаға келдім. Қуаныш тілеймін. Күшті тойласын деп тілеймін. Күшті өткізсін деп тілеймін.
Мерекелік шара соңында балаларға арнайы дайындалған тәтті дастархан ұсынылады.
Самал Қалиқызы