50 мың халқы бар Ақсудың жылу жүйесінде апат болды. Бүгін сағат таңғы жетіде «2 аудандық жылыту қазандығындағы №5 және №6 желілік сорғылардың бекіту арматурасы істен шыққан. Жылу қазандығынан шыққан ақау жөнделді. Жылу температурасы көтеріліп келеді.
ОРАЛБЕК БАҚЫТХАН, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Тәңертеңнен жылудың жоқ екенін байқадық. Балалар қазір балабақшада, мектепте. Бірақ халықтың бір үрейі бар. Өткен жылы Екібастұздағы жағдай қайталана ма деп қорқады. Себебі, біздегі жылу жүйелерінің барлығы жаңа қазандық салынғанымен әлі іске қосылмаған. Ескі қазандық биылғы қыста Екібастұздағы жағдайды қайталамай ма деп халық қатты қорқады.
Ақсу шаһары тұрғындарының үрейіне негіз бар. Себебі, мамандардың айтуынша облыс орталығына іргелес қалада жылу беру желілері 68 пайыз тозған. Ал 2017 жылы салынған жаңа қазандық іске қосылмаған. Ал бүгін аязды таңда аудандық жылыту қазандығындағы №5 және №6 желілік сорғылардың бекіту арматурасы істен шықты. Тұрғындар үй ішінің салқындағанын түнде сезе бастаған екен.
Желілік сорғы сөндірілген соң тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарда да жылу параметрлері төмендеді. Оқиға орнында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов болып қайтқан.
БОЛАТБЕК ШӘРІПОВ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Сағат 9.30 да жағдай бойынша істен шыққан ысырмалар бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды. Жылу беру параметрлері қалпына келтірілуде. Жабдықтау параметрін қалпына келтіру болжамды уақыты 2-3 сағат алады. Жылу өшірілген жоқ. Бірақ насостар тоқталылды. Заборная арматура дейміз ғой. Сол бұзылған жағдай болды. Оны 9.30 да қалпына келтірдік.
Қала әкімдігі жылумен жабдықтау 2-3 сағатта толықтай қалпына келтіріледі деп сендіріп отыр. Айта кетейік шаһарды ферроқорытпа зауытының ескі қазандығы жылытады.