Елордада еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық баланың басын қосқан «Тең мүміндіктер» атты республикалық инклюзивті фестивалі өтті. Жас қатысушыларды қолдауға және әлеуетін ашуға бағытталған шарада спорттың үш түрінен: бочча, жеңіл атлетика және «Көңілді старттар» бойынша жарыстар өтті.


АЙНҰР МҰХАМЕДЬЯРОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ПОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ

Балалармен жасап жатқан жұмысыңыз баршамызға үлгі. Балдырғандарды әрқашан қолдап жүрсіз. Сізге үлкен рахмет.

Бұл алғыс облысымызды табысқа жетелеген бапкерлерге бағытталған. Павлодар облысы фестивальге 6 команда – 18 бала аттандырды. 18 баланың алтауы мүмкіндігі шектеулі. Тынымсыз дайындық пен жеңіске деген құштарлық лайықты нәтиже берді: «Көңілді старт» бәсекесінде павлодарлық Аманжол Шәмкенов мектебінің 4-сынып оқушылары екінші орынды иеленді. Бочча ойынында екі команда жеңімпаз атанды. Олар: Ақсу қаласындағы №7 мектептің 6-сынып оқушылары және Ақсу қаласының Евгеньевка ауылындағы Гагарин атындағы мектептің 4-сынып оқушылары.

МИРАС БЕЙСЕМБАЙ, БОЧЧА ОЙЫНЫНА ҚАТЫСУШЫ

Өз командамды, достарымды мақтан тұтамын. Бапкерге алғыс. Анашым, саған рахмет! Мен үшін бәрін істедің. Сені өте қатты жақсы көремін.

Фестиваль қатысушылары мен жаттықтырушылар партия мүшелеріне жылы қарсы алғандары үшін алғыс айтып, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

ОЛЬГА ӘЛИАСҚАРОВА, БОЧЧАДАН ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ

Көңілім көлдей толқып тұр. Бапкер үшін аса толғанысты сәт бұл. Жақында ғана Алматыға барып, бірінші орын алғанбыз. Бұнда да балалардың биік нәтиже көрсететіндігін білдім. Бочча командамызда аутист, ДЦП балалар бар. Соған қарамастан орасан зор нәтижеге қол жеткізді. Олар шектеусіз балалар. Сондықтан, баршасын спортпен айналысып, биіктерді бағындыруға шақырамын.

 «Тең мүмкіндіктер» фестивальі «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынып, инклюзивті ортаны дамуына үлкен мүмкіндік атанды. Шара ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтенуіне, олардың әлеуетін ашуға және құрбылары арасында төзімділікті қалыптастыруға ықпал етуді көздейді.

Жанасыл Серікбол