Облыс әкімі Асайын Байханов өңірлік кадр резервінің мүшелерімен кездесті. Жиын барысында биыл ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында өңірлерде әлеуетті кадрлық резервтер қалыптастырылғанын атап өтті.
Өңірлік кадр резервіне 20 адам іріктеліп алынды. Оның ішінде 16 мемлекеттік қызметші, 4 квазимемлекеттік және жеке секторлардың қызметкерлері бар.
Резерв мүшелері конкурстық іріктеу кезінде экономиканың, әлеуметтік инфрақұрылымның өсуіне және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін жобалар ұсынды. Аймақ басшысы бұл жобаның ел дамуы үшін аса маңызды деді. Өйткені, жастар қашанда жаңа қуатқа, жаңа білім мен идеялардың негізі.
Облыс әкімі «Жастар кадрлық резерві» ғана емес, мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін барлық жастар жеке мансаптық амбицияларға емес, бірінші кезекте халықтың мүддесіне негізделуге тиіс екенін атап өтті. Резервшілермен кездесуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Медет Амралинов, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы Асхат Ескендіров, бейне байланыс режимінде қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты. Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Облыстың бас ғимаратына алғаш келгендерге ахуалдық-талдау орталығының жұмысы көрсетілді.
Жанасыл Серікбол