Облыс әкімдігінде «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мәселелері қаралды. Арнайы экономикалық аймақ жобаларының инвестициялық портфелінде жалпы құны 507 млрд теңге тұратын 36 жоба бар. Ондағы инфрақұрылымының аяқталуы 65,7% құрайды.

Қазір «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында екі жоба аяқталуға жақын. Олар су бұру желілері мен кәріз-тазарту құрылыстары. Су бұру желілеріндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары 70%-ға, кәріз-тазарту құрылыстары 85%-ға аяқталды. Кәріз-тазарту құрылыстарын іске қосу-реттеу жұмыстары 2025 жылға жоспарланған.

ЛЮДМИЛА ҚҰРМАНОВА, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Арнайы экономиалық аймақтың инфрақұрылымын 100% аяқтау үшін 3 нысанның құрылысы мәреге жетуі қажет. Олар теміржолдың 2-кезегі, қуаты 40 МВт болатын қосалқы станцияның құрылысы және ұзындығы 5 км автожол. Солтүстік техникалық дәліз бойынша өтетін автожол жобасы сараптамадан өтуде. Құрылыстың болжамды құны шамамен 900 млн. теңгені құрайды. Бүгінгі таңда АЭА аумағында ақауларға, сондай-ақ, «ҚТЖ» АҚ тарапынан техникалық паспорттың және дайындық актісінің болмауына байланысты 2019 жылдан бері жұмыс істемейтін «Каустик» АҚ-ның меншікті темір жолдары бар.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аталмыш нысанды қалпына келтіру жұмыстары 2023 жылдың желтоқсанында басталған болатын. Бүгінгі таңда 1 кезекті қалпына келтіру 100% аяқталды. ҚТЖ комиссиясы нысанға екі рет барып, барлық анықталған ақаулар мен ескертулер жойылды. Нәтижесінде АЭА аумағында орналасқан 15 кәсіпорын өздеріне дейін темір жол тарту мүмкіндігіне ие болады. Жүк айналымы жылына шамамен 300 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар, теміржолдың 2-ші кезегінің және басқа да бірқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық нысандардың құрылыстары әлі басталған жоқ.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

2025 жылдың 1 ақпанына дейінгі мерзімде автожол салу бойынша салалық министрлікке, сондай-ақ, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына теміржолдың 2 кезегі үшін жобалық сметалық құжататмаын әзірлеуді және электр қосалқы станциясын салуға бюджеттік өтінім жіберуді тапсырамын.

Өңір басшысы бұл жұмыстарды кешіктіруге жол берілмейтінін атап өтті.

Жанасыл Серікбол