Шарбақты ауданында орналасқан «Ертіс орманы» резерватында сілеусіндер саны артты. Олардың тұрғындарға қаупі жоқ, деп отыр аңшылар. Жалпы резерват қызметкерлері жабайы жануарларға жем-шөп дайындаумен айналысып жатыр. Толығырақ келесі сюжетте.

Жыл сайын резерваттың аңшылары қысқа дайындықты бастайды. Орман ішіндегі жабайы жануарлар үшін жем-шөп әзірлеп, астауларды толтырады. Бұл жылдағы дәстүр, дейді табиғат қорғаушылары.

ҚАЙЫРЖАН ӘДІЛБАЕВ, «ЕРТІС ОРМАНЫ» РЕЗЕРВАТЫНЫҢ БАС АҢШЫСЫ

Жылда қар түскен кезде аңшылармен жабайы жануарлар үшін жем-шөп дайындалады. Бұрын бұл жұмыстармен қаңтар, ақпан айларында айналысатынбыз, себебі қар қалыңдаған сайын қар астынан жем шөпті алу жануарларға қиындай түседі. Сондықтан осылай аңшылар жем сыпырғыштарын іліп, жем-шөпті дайындайды.

Биотехникалық шаралар жабайы жануарлар популяциясын сақтаудың жолы. Одан бөлек, аңшылар фототұзақтарды орнатады. Суретке көбінесе тұяқтылар, бұландар мен еліктер түседі екен. Биыл аңшыларда қуанышты жаңалықтар көп. Оның бірі - орман ішіндегі жабайы жануарлар саны да көбейіпті.

ҚАЙЫРЖАН ӘДІЛБАЕВ, «ЕРТІС ОРМАНЫ» РЕЗЕРВАТЫНЫҢ БАС АҢШЫСЫ

Биыл орманда жабайы жануарлар саны артты. Еліктер, бұландар, қояндар көбейді. Жейтін қорегі болғаннан кейін сілеусіндер саны да артты. Биыл күзде тіпті көп жерде кездесетін болды. Біздің аңшылардың өзі жиі көріп, суретке түсіреді. Сілеусіндер саны соңғы санақ кезінде 75-тен асқан. Қазір қыста тағы санақ болады, бұдан да артады деп ойлаймыз.

Бұның бәрі аңшылардың жылдағы жасаған жұмысының нәтижесі. Табиғат қорғаушыларының бұл шарасы аң-құстың аязды қыстан аман шығуына, көбеюіне септеседі.

Самал Қалиқызы