«Достық үйінде» облыс әкімі Асайын Байханов облыстық қоғамдық кеңестің жыл бойы жасаған жұмысын қорытындылап, келер жылы атқарылатын жобаларға тоқталып кетті. Шара соңында қоғамдық кеңес мүшелері Алғыс хаттармен марапатталды.
Асайын Байханов Нұрлан Нәбиевтің төрағалығымен өткен қоғамдық кеңестің үшінші шақырылымының жұмысының аяқталуын атап өтіп, бірлесіп атқарған жұмыс үшін алғысын білдірді. Отырыста аймақ басшысы жұмыстарды қорытындылап, келесі жылға арналған жоспарларды баяндады.
АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Оның үстіне көктемде су тасқыны маусмы келді. 112 ге су келді. 200 млн теңгеге жәрдем көрсетілді. Ол жағдайдан да абыроймен шықтық. Жалаулы ауылында кешенді жұмыс атқарылып, су қоймалары құрылысы аяқталып, барлық әрекет жасалды. Жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтап жатыр.
Әкімнің айтуынша, өңірдегі барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалды. Өңір жұмыссыздықтың салыстырмалы төмен деңгейін, яғни, 4,7% аспайтын көрсеткішін ұстап тұра алды. Бұған 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарының құрылуы ықпал етті. Инженерлік инфрақұрылымға да ерекше назар аударылды. 30 км астам жылумен жабдықтау желілері, 28 км жуық сумен жабдықтау және су бұру желілері қайта жаңартылды, төрт жылу магистралі салынды. Бұл апаттар қаупін азайтуға мүмкіндік берді, алайда желілерді жаңарту бойынша әлі де бірталай жұмыстар жүргізу қажет. Осы ретте аймақ басшысы қоғамдық кеңес мүшелеріне атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді.
АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мен сіздердің әрқайсыңызбен әркез тығыз байланыстамын. Үлкендерің қолдауы әр уақытта байқалады. Бір нәтижеге жету бір адамның ғана қолынан келмейді, бірлесіп істеген дүние нәтижелі болады. Сондықтан әрқайсыңызға алғысымды айтамын.
Отырыста өңір басшысы қоғамдық кеңес мүшелерін құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады. Өз кезегінде сараптамалық жұмыс топтарының мүшелері сөз сөйледі. Кездесу қорытындысы бойынша Павлодар облысының қоғамдық кеңесі облыс әкімінің есебін бірауыздан мақұлдады.
Самал Қалиқызы