Болашақ үлкен еңбек иелері, бүгінгі жастар. Кәсіптік мамандыққа бет бұрған оларды білікті маман етіп оқыту аса жауапты міндет. Алдағы материалымыз жұмысшы мамандығын игеріп жатқан студент жайлы.

 

 

Жұмысшы мамандығы табысқа қалай жетеді? Үздіктердің арасында үздік болу үшін не қажет? Ақсу қара металлургия колледжінде оқып жатқан студенттер болашақ биіктерге бүгіннен бастап ұмтылуда. Жергілікті білімнен бөлек, өнеркәсібі дамыған Қытай еліне де барып үлкен тәжірибеден өтіп қайтқан.

ВАДИМ КОЛЕСОВ, АҚСУ ҚАРА МЕТАЛЛУРГИЯ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ

Олардың оқыту әдістемесі мен құралдары мені таңдандырды. Болашақ ұстаз әрі шебер ретінде осыны оқыту үдерісіне пайдаланамын. Олар көп еңбек етіп, көп ізденеді. Бізге қарағанда көп оқиды.

Көрші елдің кәсіпқойларымен иық тіресе жұмыс істеу біздің студенттерге үлкен ұмтылыс берді. Өйткені, өзгеден үйрену еш уақытта артық етпейді. Қытай халқының еңбекқорлығы мен қажымас қайраты күллі әлемге аян. Ақсулық студенттер кәсіптік дағдыдан бөлек, адамдық ерекшелікті де байқап қайтқан.

ВАДИМ КОЛЕСОВ, АҚСУ ҚАРА МЕТАЛЛУРГИЯ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ

Мен үшін бұл сапар тәжірибе алмасу, білім жинау, ой-өрісімді одан әрмен кеңейту болды. Енді сандық басқару құрылғысын үйренгім келеді. Жақын уақытта бастап кететін шығармын...

Екі аптаға созылған тренингтің қорытынды кезеңі кәсіби шеберлік сайысы өтті. Онда студенттер барлық білгендерін көрсете алды. Бұл сайыс тек талантты емес, сонымен қатар еңбекқорлық, ұқыптылық пен дамуға деген құлшынысты қажет етті. Вадим байқау тапсырмаларын орындап қана қоймай, сонымен қатар ең жоғары шеберлік деңгейін көрсетті, оны тіпті қатаң қазылар алқасы да ерекше атап өтті. Елге құрметті үшінші орын жүлдесімен оралды. Токарь маманы ешқашан жұмыссыз қалмайды. Әрине, білікті, шебер болсаң. Қарапайым тіршіліктен бастап, ірі кәсіпорындарға да осы мамандық иелері ауадай қажет. Ақсу қара металлургия коллдежінің студенттері нарықтың осы сұранысына сай білім алуда.

 

ЖАНАСЫЛ СЕРІКБОЛ