Ақпанда бензин 5 теңгеге қымбаттайды. Энергетика министрі бағаның кезең-кезеңімен өсетінін айтты. Ал, Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына 8 жыл уақыт кетпек.
Жанар-жағармай келесі айдан бастап қымбаттайды. Баға 5 теңгеге өсіп, АИ-92 маркалы бензиннің литрі 210 теңгеге барады. Алайда, «алаңдауға негіз жоқ, жағдай бақылауымызда» - дейді Энергетика министрі. Сондай-ақ, «жанар-жағармай 400 теңгеге қымбаттайды» деп әлеуметтік желіде тараған ақпаратты да жоққа шығарды.
АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Қазіргі жағдайда бағаның өсуі заңдылық. Өйткені, бізге өңдеу және мұнай салаларына көбірек инвестиция тарту қажет. Сондай-ақ, ел бюджетін толықтыру да маңызды. Осының бәрін ескеріп, қазақстандықтардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсірмейтіндей баға белгілейміз.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АЭС 8 ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ САЛЫНЫП БІТУІ МҮМКІН
Сондай-ақ, министр Алматы облысында салынатын алғашқы АЭС құрылысына 8 жыл уақыт кететінін айтады. Әзірге оған жауапты компания белгіленген жоқ. Нақты шешім маусым айында шығады. Сондай-ақ, қазір екінші және үшінші станция салынатын жер жан-жақты зерттеліп жатыр. Оны да бұған дейін ниет білдірген 4 мемлекеттің бірі салуы мүмкін. Министрлік олардан тиісті ұсыныс күтетінін айтты.
Асуан Сиябеков, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері:
Қай жерде электр энергиясы болашақта тапшы болады, сол жерлерге атом электр станцияларын орналастырған жөн. Және ескірген генерация көздерінің шығуына байланысты жасақталады деп ойлаймын.
Қазір станцияда еңбек ететін мамандарды даярлау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде бұл салада қызмет ететін 20 мыңнан астам адам болса, соның біршамасы арнайы дайындықтан өтеді.