Ертіс музейінде ерекше шара өтті. Этношебер Гуляим Акумбаеваның қатысуымен ұйымдастырылған «Үкілі тақия, киелі кимешек» атауымен өткен шарада қазақ халқының дәстүрлі киімдерін кеңінен таныстыруға арналды. Онда 40-тан аса ұлттық бас киімнің үлгілері көрсетілді.

 

Шебердің айтуынша, коллекцияны дайындауға 1,5 жыл уақыт кеткен. Әр киімде қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен рухани мұрасы көрініс тапқан. Бұрынғы заманда қазақ әйелдері ұзын матаның жартысын басына, қалғанын беліне орап қолданған. Осы орайда шебер үш түрлі бас киімді орау тәсілін көрсетті.


Гуляим Мажитқызы баскиімдердің әрқайсысының мағынасы мен ерекшелігін түсіндіріп өтті. Олардың ғасырлар бойы қалай өзгергенін көрсетті. Баладан бастап үлкен әжеге дейінгі киім үлгілері сахнада сән көрсетілімі арқылы таныстырылды. Киімдердің барлығы өткен ғасырлардың үлгісі негізінде жасалған.

Шара қазақ ұлттық киімдер шеруімен аяқталып, шашу шашылды. Кеш қазақ халқының бай мәдени мұрасын насихаттауға бағытталды. Бұған қоса, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.


САБИНА ЖОЛДАСПАЕВА