Павлодар қаласында жол жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта Назарбаев даңғылының Торговая көшесінен бастап Торайғыров көшесіне дейінгі аралығында асфальт жөнделуде. Бұл мақсатта төмен температурада төсеуге жарамды мак асфальт қолданылып отыр.
Қала әкімінің тапсырмасымен тұрғындардың өтініштері ескеріліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі магистральді көшелерге тексеріс жүргізді. Нәтижесінде жөндеуді қажет ететін учаскелер анықталып, жұмыстар қолға алынды.
ДАМИР БАТАЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІ ЖОЛ ЖӨНДЕУ СЕКТОРЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары минус 10 градусқа дейінгі температурада жүргізуге мүмкіндік беретін мак асфальтпен жасалуда. Бұл – алдын ала жүргізіліп жатқан жұмыстар. Ал негізгі жөндеу көктемде басталады. Қазірдің өзінде Академик Сәтбаев – Толстой көшелерінің қиылысында, Абай – Луначарский көшелерінде, сондай-ақ Естай көшесі мен Назарбаев даңғылының бойында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 100 тоннаға жуық мак асфальт қоры дайындалған. Жұмысқа 10 адамнан тұратын бригада жұмылдырылды.
Жөндеу жұмыстары ауа райының қолайлылығына қарай күн сайын жүргізіледі. Ал толыққанды жөндеу көктемде, күн жылынған соң басталады.
Сабина Жолдаспаева