Алғашқы сапар. Король екінші АбдАлланың шақыруымен Мемлекет басшысы Иордания Хашимит корольдігіне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде араб еліне бірінші мәрте ат басын бұрып отыр. Тарихи сапар барысында қандай келіссөздер жоспарланған? Қазақстанның Таяу шығыстағы мүддесі қандай?

Қос ел жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайды. Палестина мәселесінде «екі халық – екі мемлекет» қағидатын жақтайды. Саяси серіктестік орнаған 30 жылдан аса мерзімде екі елдің экономикалық және мәдени байланыстары үнемі нығайып келеді.

АУНИ АД-ДАУД – «AD-DUSTOUR» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Амманға сапары екі ел арасындағы әріптестікке жаңа серпін береді деген сенімдеміз. Біздің газет Қазақстан туралы жаңалықтарды тұрақты түрде жариялап отырады. Бауырлас елдің тыныс-тіршілігіне қызығушылық танытатын иорданиялық оқырмандардың қатары айтарлықтай көп деп айта аламыз.

Иордания Орталық Азия елдері үшін Таяу Шығысқа ашылар қақпа болса, Қазақстан араб еліне Еуразия нарығына жол ашады. Енді қаржы саласында да әріптестік орнайды. Астана халықаралық биржасы мен Амман қор нарығы құнды қағаздарды саудалау ісінде бірлесе әрекет етпек.

 РЕНАТ БЕКТҰРОВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ

 Амман биржасында 220-дан астам компанияның акциялары тіркелген. Бір айта кетерлігі. 2000 жылдардың басында бұл өтімділігі өте жоғары биржа болған. Өздері айтып отыр бір күндік саудамыз 100 млн долларға жақын болатын дейді. Дегенмен де бұл біздің инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік ашады деп ойлаймын. Өйткені қызықты компаниялар мұнда көп.

Екі ел географиялық тұрғыда алшақ орналасқан. Ең жақын нүктелерінің арасы 3 мың шақырымнан асады. Сол себепті бүгінгі таңда сауда көлемі көп емес. Дегенмен тұрақты өсім бар. Былтыр 11 айда тауар айналымы 6 млн долларға жетіп, 4,2 пайызға өскен. Қазақстан ұшу аппараттарын, табиғи бал мен қой етін саудаласа. Иорданиядан тоқыма бұйымдары, минералды тыңайтқыштар мен жеміс-жидектер келеді. Алыс-берісті арттырудың әлеуеті мол дейді бизнесмендер.

ТАРИК ХИДЖАЗИ ИОРДАНИЯ КӘСІПКЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ.

 Фармацевтика, мал шаруашылығы, тоқыма және азық-түлік салаларында сауда қатынастарын дамытуға мүмкіндік бар. Қазақстан мен Иорданияда инвесторларға қолайлы жағдай ұсынатын арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл бизнес өкілдеріне көптеген мүмкіндіктер береді.

Бірнеше күннен бері Амман қаласында қызу әзірлік. Басты көшелерде көк ту желбіреп тұр. Корольдік Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарына үлкен мән берген. Соңғы рет Қазақстан Президенті Иорданияға 2009 жылы барған. Нөмірі бірінші бортты әуежайда араб елі сән-салтанатпен қарсы алды.

Ресми сапар барысында екі ел басшылары кең құрамда келіссөздер жүргізіп, бірқатар құжатқа қол қояды деп жоспарланған. Күн тәртібіндегі басты тақырыптар – экономикалық әріптестікті кеңейту мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету.