Арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы Ризагүл Андасова жас сарбаз мектебінің оқушыларына өзін өзі қорғау бойынша мастер класс көрсетті. Дубайда өткен жарыстың жүлдегері қызметінің қыр сырымен де бөлісті.
Ризагүл Андасова биыл Дубайда өткен халықаралық арнайы жасақтардың арасындағы жарыстың жеңімпазы атанып, ерекше құрметке ие болды. Ол бірнеше жылдан бері Павлодардағы арнайы жасақта жұмыс істейді. Бұл қызметке спортқа деген махаббат әкелді дейді.
РИЗАГҮЛ АНДАСОВА, АРНАЙЫ ЖЕДЕЛ ӘРЕКЕТ ЕТУ ЖАСАҒЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ
Собрға мен спортты жақсы көргендіктен келдім. Спорт мені жеке тұлға ретінде шыңдап, дамытады. Мен бала кезімнен баскетбол, волейбол ойнаймын. Арнайы жасаққа келгелі джиу-джитсу мен күреспен айналыса бастадым. Нәтиже де жақсы. Ату бойынша да көрсеткіш жақсы, облыста әркез орындар аламын. Спортпен жалпы 10 жастан бастап айналысамын. Соның арқасында арнайы жасаққа түсу қиын болмады.
Осы ретте ол Қабанбай батыр атындағы жас сарбаз мектебінің оқушыларымен кездесті. Оның аясында жастарға өзін өзі қорғау жаттығулары бойынша мастер класс өткізді.
РИЗАГҮЛ АНДАСОВА, АРНАЙЫ ЖЕДЕЛ ӘРЕКЕТ ЕТУ ЖАСАҒЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ
Бүгін біз өзін өзі қорғау бойынша мастер класс өткіздік. Жастарға 1-2 әдісті көрсеттім. Негізі физикалық дайындық жақсы болса қыздарға арнайы жасақта жұмыс жасау қиын емес. Біз де ер адамдар жасаған жаттығулар жасаймыз. Бүгін жастарға арнайы жасақтың жұмысы туралы айтып бердім.
Сонымен қатар, Ризагүл жас сарбаздарға Дубайда өткен халықаралық жарысқа қатысу үшін іріктеуден өту барысын, содан кейін қалай дайындалғаны, сайыстың өту барысы туралы айтты. Жастар да оған өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойды.
Айта кетейік, Ризагүл Андасова қатысқан «Арнайы күштер олимпиадасы» әлемнің 80 елінен 100-ден астам күш құрылымдарының арнайы мақсаттағы ең мықты бөлімшелерін біріктіріп, бес күн бойы өтті. Онда павлодарлық мерген қыз облыстың намысын ерлікпен қорғап шықты.
Самал Қалиқызы