Өңірде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді анықтап, заңға сәйкес шара қолданады.
Рөлде телефон пайдалану – жолдағы қауіптің бірі. Облыс орталығында Назарбаев даңғылында көлік жүргізушісі телефонмен сөйлесіп, жол қозғалысы ережесін бұзған. Ер адамға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Полицейлердің айтуынша жолда смартфон қолдану жүргізушінің назарын аударады. Нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының қаупі артады. Өңірде мұндай құқық бұзушылықтар жиі кездеседі. «Қауіпсіз жол» шарасы аясында 250 жүргізуші рөлде телефон қолданғаны үшін жазаланды. Сондай-ақ алколгольді ішімдік ішіп, рөль басқаратын жүргізушілер саны қысқармай отыр. Өңірде биыл 120 жүргізуші мас күйінде ұсталып, көлік басқару құқығынан айырылды. Павлодарда М.Жүсіп – П.Васильев көшелерінің қиылысында жол сақшылары JC-45 маркалы тиегішті тоқтатты. Көлік тізгінінде 37 жастағы ер адам болған. Тексеру барысында оның есірткіге мас күйде екені анықталды. Ол бұған дейін де жүргізуші куәлігінен айырылған екен. Қызметтік автопатурл мен арнайы мобильді кешендердің көмегімен заң бұзушылықтар анықталуда.
Сабина Жолдаспаева