Биыл «Жасыл ел» еңбек жасағы жиырма бірінші маусымын бастайды. Бос уақытты тиімді өткізуге ниет білдірген жастардың саны аз емес, 1000-ға жуық өтініш қабылданыпты. Жоба қанша адамды қамтиды? Жұмыстар қандай бағытта жүргізілмек? Тілшіміз баяндайды.

 «Жасыл ел» штабы қараша айына дейін оқушылар, студенттер және жұмыссыз жастарды уақытша жұмысқа орналастырады. Өткен маусымда 2100-ден астам жастар қатысқан. Аудандарда орташа 50-90 қатысушы, қалаларда 200-300 қатысушы жұмыс істейді.

Жаннұр Ахметжанова, Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы

Штаб жұмысының негізгі аспектісі экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастарды еңбекке баулу. 2024 жылдан бері баршамызға мәлім Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» республикалық акциясын жариялаған болатын. Жалпы «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы да осы экологиялық акциясын белсенді түрде жүргізуге бағытталып отыр.

Сарбаздардың жалақысы таңдаған бағытына байланысты 65-70 мың теңгеден бастап, 100-110 мың теңгені құрайды. Жасақ қатарына 16 жастан асқан өрендер қосыла алады. Жұмыстардың басым бөлігі маусым айында атқарылады. Негізгі бағыт – гүлзарларды күтіп-баптау, көшелерді көгалдандырып, аббаттандыру.

Павлодар қаласында жасақ сәуір айынан бастап іске кіріседі. Ал аудандарда науқан маусым айынан басталады. Айта кетейік сәуір айында құрылған алғашқы жасақтың құрамында 20 студент қатысты.

Биыл «Жасыл ел» жобасы ресми түрде жұмысын маусым айында бастайды. Айта кету керек, бұған дейінгі 20 жыл ішінде өңірде еңбек жасағының қатарында қырық бес мыңнан аса сарбаз жұмыс істеген.

Қымбат Садық