Павлодар қаласында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жөнінде ақпараттық кездесу ұйымдастырылды. Шараға жергілікті атқарушы орган өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға Президенттік жастар кадр резервінің мақсаты, оның ел дамуына қосатын үлесі мен жастар үшін беретін мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ, іріктеу кезеңдері, талаптар және қатысу тәртібі туралы толық ақпарат берілді.

Кездесуде Президенттік жастар кадр резервінің маңыздылығы мен болашағы талқыланды. Бұл жоба арқылы мемлекет білімді әрі бастамашыл жастарды қолдап, жауапты қызметтер ұсынады. Қатысушылар резервке іріктелу талаптары мен тәртібі жайлы жан-жақты ақпарат алды. Бұл жастар үшін өз әлеуетін көрсетуге берілген нақты мүмкіндік.

Асхат Ескендіров, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы

Жалпы Павлодар облысы бойынша 16 адам жастар кадр резервіне кірген болатын бұдан бұрын. Қазір төртінші іріктеу басталайын деп жатыр. Яғни, талаптар солай қалды. 36 жасқа дейінгі тұлғалар, жоғары білімі бар, кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар жастар. Бірақ ол тек қана мемлекеттік органдарда ғана емес, жеке секторда болуы мүмкін. Тағы бір қосымша талап, ол қазақ тілін білу қажет. Деңгейі В1 санаты.

Жиын барысында қатысушылар ашық пікір алмасып, резервке іріктеу тетіктерін талқылады. Мемлекеттік қызметке келетін жас мамандардан жаңаша көзқарас пен тың идеялар керек. Әкімдік пен ұйым басшылары резервтегі жастармен тиімді жұмыс істеудің жолдарын қарастырды.

Асхат Ескендіров, Қр мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы

Үлкен түсіндірме жұмыстарын бастадық. Қазіргі кезде мемлекеттік орган басшылары, аудан-қала әкімшіліктерінің өкілдері, квази мемлекеттік органдарға тиесілі ұйымдар әртүрлі басшыларын шақырдық. Негізгі мақсатымыз түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Және олар өз ауылдарында, ұйымдарда осындай жұмысты жалғастыру керек екенін атап өту.

Президенттік жастар кадр резерві 2019 жылдан бері жүзеге асып келеді. Сол жылы резервке енгендердің бірі Дәулен Қабдұшев. Бүгінде ол Павлодар облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментін басқарады.

Дәулен Қабдушев, Павлодар облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы

Мен резервке енгенге дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеген жоқпын. Бұрын кәсіпкерлікпен айналыстым. Сондай-ақ мұнай-газ саласында еңбек еттім. Резервке өткеннен кейін мемлекеттік қызметке келдім. Бұл – өте жауапты қызмет. Мемлекеттік қызметке жоғары білікті мамандар қажет. Және бұл жоба соған мүмкіндік береді.

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу маусым мен қазан айлары аралығында өтеді. Жобаға қатысу үшін үміткерлер онлайн өтініш тапсырып, бірнеше кезеңнен тұратын конкурсқа қатысады.

Сабина Жолдаспаева