Бұдан кейін облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласында болған қатты дауылдың салдарынан зардап шеккен нысандардың қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін тұрғындардан 1000-ға жуық өтініш түскен. Бүгінде олардың басым бөлігі орындалды.

Табиғат апаты кезінде көптеген инфрақұрылым нысандарына айтарлықтай зиян келген. Электр қуаты өшіп, тұрғындар жарақат алды. Облыс бойынша төтенше жағдай жарияланған соң, әр азамат 1 ай ішінде өтемақы алуға өтініш бере алды. Қазір жеке меншік пен көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Көпқабатты үйлердің шатырларын қалпына келтіру келесі екі аптада толық аяқталады деп жоспарланды.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Қалған жекеменшік үйлерге заңға сәйкес 100 АЕК көлемінде қаражат қарастырылған. Облыстық төтенше жағдайға арналған резервтен бөлінеді. Жалпы, резервте бүгінгі күні 1,8 млрд теңге қаражат бар. Сондықтан ол төлемдер атқарылып жатыр. Айтып кеткендей, Павлодар қаласында бүгінгі күні 15 өтінім толықтай төленген. Жалпы, түскен өтінімдер саны 1000ға жуық. Оның бәрін комиссия құрылып, тексеріп жатыр. Әр зардап шеккен үйді тексеріп, керекті құжатты толтырып, бекітеді. Содан кейін, төлемді қаржы басқармасына өткізіп, облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді.

Апат салдарынан Ақсу қаласында бір әйел көз жұмды. Павлодарда бір отбасы зардап шекті. Облыс әкімі зардап шеккен жанұяларға көмек көрсетуді тапсырған болатын.

Хасар Хабылбеков, Павлодар қаласының әкімі

Сіздің тапсырмаңыз бойынша отбасы мүшелерімен кездестік. Әр балаға материалдық көмек көрсетіледі. Жалпы сома – 7 миллион теңге. Өйткені отбасы мүшелері уақытша еңбекке жарамсыз. Оларға ем мен оңалту қажет.

Павлодар қаласында дауыл кезінде 11 аумақта жарық өшкен. Апат болған күні 10 сағаттың ішінде жарық толық қалпына келтірілді. Барлық бағаналар орнына қойылып, сынған ағаштар шығарылды. 1000-ға жуық өтініш түскен болса, бүгінгі күні соның 960-ы орындалды. Ал, №40 балабақшада шатыр қатты зақымданған. Ондағы жөндеу жұмыстары жақын күндері толық аяқталады.

Әнуарбек Аманов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары

Қауіпті құрылымдардың барлығы жиналып, шығарылды. Ертеңгі күнге дейін жөндеу жұмыстарын 100 пайыз аяқтаймыз. Құрылыс материалдары толық қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ, айманов көшесіндегі №7, 8, 9 үйлердің шатырларының бір бөлігі желмен ұшқан. Демонтаж жұмыстары уақытылы жүргізілді. Қазір жаңа шатыр жабу жұмыстары жүріп жатыр.

Әнуарбек Аманов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары

Жөндеу жұмыстары өткен аптада басталды. Демонтаж жасалып, материалдар толық жеткізілді. Қазір нысанда үш бригада жұмыс істеп жатыр. Бүгін кешке дейін жұмыстарды толық аяқтаймыз.

Қазір барлық нысандардың басым бөлігі қалпына келтірілді. Ең үлкен шығын қалалық жағажайда тіркелді. Онда бағдаршам, екі ойын алаңы мен жарық бағаналары зақымданған. Ендігі кезекте көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардағы шатырлар ғана қалды. Оларды толық жөндеу үшін екі апта уақыт қажет. Облыс әкімі барлық өтініштің мұқият қаралуын тапсырды. Ешкім назардан тыс қалмауы тиіс. Айта кетейік, өтініштер дауыл болған күннен бастап бір айдың ішінде қабылданады.

Сабина Жолдаспаева