Шілденің алғашқы жексенбісінде елімізде ұлттық домбыра күні тойланады. Соңғы кезде домбыраның күмбірлеген қасиетті үні өзге ұлт өкілдері арасында да ерекше құрметке ие болып, олардың да жүрегінен орын тауып келеді. Солардың бірі — қос ішекке жанын байлаған жас талант, Павлодарлық Филипп Быков.Ол үшін домбыра — жай ғана аспап емес, жүрек тіліне айналған сырласы.Домбыра шертуді ол тоғыз жасынан бастап үйреніп, бүгінгі таңда онға жуық күйді жатқа орындайды.Әрбір күй — оның рухани әлемінің айнасы іспеттес.
Домбырамен алғашқы таныстығы музыка мектебінен басталды дейді, Филипп. Досымен бірге алғаш рет ұстаз алдына келген сәттен-ақ, қос ішекті шертуге деген ерекше ықыласымен көзге түскен. Оның сүйікті күйлері — «Жастық шақ» пен «Балбырауын». Бірі — шаттық пен еркіндіктің әуені болса, екіншісі — жүректі тербейтін лирикалық сыр. Шабыт көзі — Құрманғазы. Ұлы күйшінің «Ақсақ киік» шығармасы оның күй өнеріне деген ықыласын оятқан туынды.
Филипп Быков, Павлодар қаласы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің тәрбиеленушісі
Домбыраға деген қызығушылығым 12 жастан басталды. Досым екеуміз музыка мектебіне барған кезде бірден домбыра шертуді үйренеміз деп шештік. Домбыраны таңдаған себебім, маған оның үні ұнайды, шерткен кезде жүректі тербейді және екі шекті болғандықтан оңай ойналады.Өте әдемі аспап. Күй шертуді маған Жадыра Серікқызы мен Нұрсұлу Нұрланқызы үйретті.Ұстаздарымның ерең еңбегі үшін алғысым шексіз.
Биыл көктемде ансамбль құрамы Түркістан қаласына барып, республикалық байқаудан жүлделі оралды.Қазақ тілін жетік білмесе де, күйлердің тілін жүрегімен ұғады. Алдағы уақытта домбыраны кәсіби мамандықпен қатар алып жүріп, өз күйін шығарғысы келеді.
Филипп Быков, Павлодар қаласы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің тәрбиеленушісі
Домбыраның құрылымы өте қызық. Мысалы, түйек — ішектердің кернеуін реттеп, үннің тазалығын сақтайды. Егер басқа ырғақта ойнау керек болса, осы жерден икемдеуге болады. Мибемоль немесе фа-диез секілді ноталарды дәл табу үшін гриф бойындағы белгілерге сүйенемін.
Ұлты өзге, жүрегі қазақ өнеріне жақын жас домбырашы — ұлттық мұраның қадірін терең түсінетін өскелең ұрпақтың жарқын үлгісі.Домбыра — Филипп үшін жай ғана аспап емес, жан сырын жеткізер сенімді серік.
Дильназ Куанышбекқызы