Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті биыл алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмысының қорытындысын жариялады. Қызмет үш негізгі бағытта жүргізіледі. Тауар нарықтарын талдау, монополияға қарсы заңбұзушылықтарды анықтау және нарыққа кіруге кедергі келтіретін мәселелерді жою.

Бірінші бағыт аясында мамандар облыстағы тауар нарығын зерттеді. Осы талдаудың нәтижесінде үш ұсыныс берілді. Олар нарықты монополиядан арылтуға және бәсекелестікті арттыруға бағытталған. Ұсыныстар мемлекеттік органдар мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғам тарапынан қабылданды. Екінші бағыт бойынша, жыл басынан бері бәсекелестікке қарсы төрт заңбұзушылық анықталып, субъектілерге ескерту жасалды.

Бейбіт Молдабеков, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы

Биыл жартыжылдықта біз Павлодар облысындағы тауар нарығында 10 талдау жүргіздік. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер мен қызмет түрлері қамтылды. Бұл жұмыстар нарықтардың даму деңгейін бағалап, бар кедергілерді анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар, нарық субъектілерінің заң бұзу деректері де назардан тыс қалған жоқ.

Ал, нарыққа кіруді қиындататын кедергілерді жою бағытына арнайы кеңес тартылған. Оның құрамында 13 мүше бар. Басым бөлігі – азаматтық қоғам мен бизнес өкілдері. Кеңес биыл 9 мәселені қарады. Екеуі өңірлік деңгейде шешімін тапты.

Бейбіт Молдабеков, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы

Мәселен, интернет нарығы бойынша біз үш ұсыныс жолдадық. Олар – осы нарықты монополиядан арылтуға және бәсекелестікті дамытуға бағытталған. Айта кету керек, біздің департамент тауар бағасын реттемейді. Біздің міндет – монополистер немесе нарықта үстем ойыншылар тарапынан заңбұзушылық белгілері анықталған кезде әрекет ету. Уәкілетті органдар мен кәсіпкерлерге берілген ескерту-хабарламалар олардың ерікті түрде заң бұзушылықты жоюына мүмкіндік береді.

Жалпы, департамент 64 мемлекеттік кәсіпорынның жұмысын тексеріп шықты. Нәтижесінде жарғыда көрсетілмеген қызмет түрлерін тоқтату туралы 29 нұсқама берілді. Барлығы толық орындалды.

Сабина Жолдаспаева