13–14 желтоқсан күндері Павлодар қаласында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл еліміздегі ең маңызды ұлттық жарыстардың бірі. Аталған чемпионат маусым қорытындысы бойынша үздік спортшыларды анықтап, халықаралық жарыстарға қатысатын құраманы қалыптастырады.

Жарыс алғаш рет шаһарымыздағы «Астана» мұз сарайында ұйымдастырылды. Чемпионатты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Қазақстанның мәнерлеп сырғанау одағы, Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ облыстық мәнерлеп сырғанау федерациясы өткізді. Жарысқа 75 қатысушы келді.

Жанна Ибрашева, мәнерлеп сырғанау федерациясының Павлодар облысы бойынша вице-президенті

Бұл чемпионаттың маңызы өте зор. Себебі спорт шеберлігіне үміткерлер мен спорт шеберлері бақ сынайтын негізгі ұлттық жарыс. Осыған байланысты қаламызға қонақтар келді. Тек спортшылар ғана емес, олардың ата-аналары, жаттықтырушылары мен бапкерлер құрамы да келді. Павлодар өңірінің намысын әпкелі-сіңлілі Санниковалар қорғайды. Олар бірнеше мәрте жүлдегер атанған спортшылар. Жарысқа қатысып отырған ең жасы шамамен 2010 жылғы спортшы. Алайда қатысушылар жас ерекшелігіне емес, спорттық разрядтары мен деңгейіне қарай бөлінеді.

Биыл бәсекеге Қазақстанның 11 өңірінен келген үздік спортшылар қатысты. Олардың қатарында ұлттық құраманың көшбасшылары, қысқы Олимпиада ойындарының иегері Софья Самоделкина, Диас Жиренбаев, Вероника Ким, Анна мен Мария Санникова және басқа да мықты мәнерлеп сырғанаушылар болды.

Анна Санникова, қатысушы

Мен мәнерлеп сырғанаумен 4 жасымнан бастап айналысамын. Биыл міне 11 жыл толды. Алғашқы жылдары айтарлықтай жетістіктер болған жоқ. Бірақ соңғы жылдары Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына қабылдандым. Екі рет жасөспірімдер арасындағы Гран-при кезеңдеріне жолдама алып, Бангкок пен Абу-Дабиде өнер көрсеттім. Қазақстан чемпионатында үш қола және күміс жүлделерім бар. Сондай-ақ өткен жылы Кубок жеңіп алдым. Алдағы мақсатым ірі халықаралық жарыстарға қатысу. Атап айтқанда, әлем чемпионатына және Олимпиада ойындарына қатысып, өз шеберлігімді көрсету.

Спортшылар ерлер және әйелдер арасындағы жеке сырғанау, сондай-ақ мұздағы би дисциплиналары бойынша сынға түсті.Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, алдағы халықаралық жарыстарға қатысатын ұлттық құрама сапы нақтыланады.

Сабина Жолдаспаева