«Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында «Шаршы алаңдағы асық ату» облыстық турнирі ұйымдастырылды. Шара «АСЫҚ-STRIKE» жобасы аясында өтті. Дәстүрлі ұлттық ойынды дәріптеуге арналған жарысқа облыстың әр өңірінен келген оқушылар қатысты. Командалар белгіленген уақыт ішінде асық ату ережелері бойынша өнер көрсетті.
Турнирдің мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттап, балалар арасында асық ату спортының беделін арттыру. Жоба облыстық білім беру басқармасының бастамасымен, «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыс жас ұрпақтың ұлттық рухын көтеруге бағытталған.
Саян Мұқанов, «Алтын сақа» инновациялық орталығының басшысы
Шаршы алаңдағы асық шеңбер асығынан ерекше немесе басқаша деген ой емес. Бұл біздің халқымыздың, мұраға қалған дәстүрлі ойыны болғандықтан. Балалар екі жақты да ойнасын деген, балалар бос уақыттарын тиімді пайдаланып, сабақтан тыс уақытта, үзіліс кезінде де қалталарына асық салып жүрсінші, ойнап, білім жүрсінші деп балалардың тәрбие мәселесіндегі үлкен қозғалыс болып табылады. Ойынға 20 минуттай уақыт беріледі. 1 командада 3 бала. 2 команда бір-біріне қарсы ойнайды. Сонда үш баланың командалық есепті екеуі ұтып отыру керек. Шаршы алаңдағы асықты сызбадан шығарып, кім көп асық ұтысқа ие болса, сол команда ұтты 20 минут ішінде.
Сабина Жолдаспаева, тілші
Қазір менің қолымда тұрған әр ойыншының ең басты қаруы, яғни сақа. Сақа – қарапайым асықтан ауырлау, нық, дәл соққы жасауға арналған негізгі асық. Ойын барысында сақаны осылай алақанға қысып, бас бармақпен бағыттап ұстаймыз. Мұнда асығыстыққа орын жоқ. Ал енді негізгі сәт – ату. Сақаны жердегі асықтарға дәл тигізу керек. Егер сақа тиген асық шаршы алаңынан шығып кетсе – ол ойыншының олжасы саналады.
Міне, сақа тиген асық шаршы алаңынан шықты. Бұл – ойын ережесіне сай таза ұпай. Әрбір осылай шаршы алаңынан шығарылған асық ойыншының қоржынына қосылады.
Турнирге келген оқушылар өзара шеберлік пен спорттық дайындықтарын сынады. Финалдық кезеңде Баянауыл ауданы, Павлодар ауданы және Павлодар қаласының ойыншылары кездесті. Қатысушылардың басым бөлігі турнирге жыл сайын қатысып жүрген тәжірибелі ойыншылар.
Мирас Амангелді, қатысушы
Мен асықты қызығушылық үшін ең басында аулада балалармен ойнадым. Содан кейін, ағай асыққа тартып, жарыстарға қызығушылығым басталды. Мен қазір 8-сыныппын. Жарыстарға 5-сыныптан бастап қатысып келемін. Ал, өзім 5 жастан бастап асық ойнап келемін. Ережелері өте көп асықтың. Оны жаттауға 1 жылым кетті. Асық ойнасаң денсаулығыңа пайдалы. Бүкіл мүше жұмыс істейді. Аяқ-қолың, көз бен ми. Мергендікке жақсы. Асық ойнау маған ұнайды.
Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және құнды сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ белсенді қатысқан ойыншыларға ынталандыру сыйлықтары табысталады.
Сабина Жолдаспаева