Қаныш Сәтбаевтың есімі қазақ тарихында алғашқы ірі істердің символы ретінде мәңгілік жазылды. Қазақстанның тұңғыш академигі, отандық геологияның негізін қалаушы, қазақ жерінің байлығын ашып, елдің ғылыми дамуына негіз қалаған тұлға. Ғұламаның туған күніне орай Кереку жұртшылығы академик рухына құрмет көрсетіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.


Оның есімі Қазақстан ғылымының қалыптасуының негізгі кезеңдерімен тығыз байланысты. Бір өзі ғылым академиясын құру, геология саласын дамытудың бастауында тұр. Гүл шоқтарын қою рәсіміне билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, жастар және ұлы жерлеске құрмет көрсетуге келген қала тұрғындары қатысты.


Философия ғылымдарының кандидаты, профессор Аманатай Құдабаевтың айтуынша, Қаныш Имантайұлы Қазақстан ғылымын жаңа деңгейге көтеріп, бар ғұмырын ғылымға арнаған. Оның есімі отандық ғылым дамуының символына айналып, еңбектері болашақ зерттеушілер үшін берік негіз болып отыр.


Ал педагогика ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Жұматаева Қаныш Сәтбаевтың есімі әлемдік деңгейде танылғанын атап өтті. Оның айтуынша, ғалымға деген құрмет уақыт өткен сайын арта бермек.