Павлодар қаласынан 17 шақырым қашықтықта белсенді демалыс орталығы орналасқан. Кешен басшысы демалыс аймағын облыста құтқарылған жабайы жануарлар мен құстардың паналайтын жеріне айналдырған. Бүгінде аң, құстардың саны 60-қа жуық.
Орталық жұмысын 2017 жылы бастады. Демалыс аймағы отбасыларға арналған таза ауадағы таптырмас орынға айналған. Енді балалар үшін де бұл жердің қызығы мол. Өйткені орталықта орман мен кең далада мекендейтін әр түрлі жануарлар мен құстардың саны көп. Қазіргі кезде демалыс кешенінде аққу, хаски тұқымды иттер, қоян, ешкі, есек, ат, пони мен түйе жануарлары бар.
Игорь Байрамов, белсенді демалыс орталығының басшысы:
Отбасыларға арналған демалыс аумағын ұйымдастырдық. Балалар үшін танымды болғанын қаладым. Оларға аң, құстар жайлы ақпарат береміз. Олардың адамға қарағанда әлсіз келетінін айтып, мейірімділікке баулимыз. Олар да қуанып сүйікті жануарларына тамақ береді.
Орталық ашылғаннан кейін еріктілер мен орманшылар облыстың түкпір-түкпірінен құтқарылған, түрлі жарақат алған жануарлар мен құстарды әкеле бастаған. Мәселен, ойнақтап шауып жүрген «Ешкі» атты елікті өткен жылы Ақтоғай ауданынан орманшылары әкелген. Сол кезде кішкентай болған елік бас жарақатын алыпты. Әлі күнге дейін көзінде жарасы бар. Құтқарылған жануарлардың бірі аққу. Ол орталыққа түскенде жағдайы әлсіз болған. Оған ерекше күтіммен қарайды. Бір аяғынан айырылған құс тек торда ғана өмір сүреді.
Игорь Байрамов, белсенді демалыс орталығының басшысы:
Адамдар бұл жануарларды өткен жылы әкелді. Жарақат алған аңдар. Тіпті өз уақытында жылы жаққа ұша алмай қалған құстар да бар. Орталыққа түскен кейбір жануарлардың жағдайы нашар болады. Біз оларға барынша күтім жасаймыз. Дәрумендерді шприц арқылы береміз.
Игорьдың ветеренарлық білімі болмаса да жануарларға емдеу шараларын өзі жүргізеді. Белсенді орталықтан түскен қаражатты аң, құстардың қажеттілігіне жұмсайды.
Мөлдір Сағидолла