Атамекенде жалғасқан кәсіп
Еліміз Тәуелсіздік алғалы шет мемлекеттердегі қазақтардың елге оралуы саябырсыған емес. Ал, атамекенді аңсап келген қандастар елге оралған соң тыңғылықты еңбек етіп, экономикаға үлес қосуда. Мәселен, Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған Алтынай Нұртайқызы Кенжекөл ауылында жеке кәсібін ашқан. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін дамытып, бүгінде ауыл тұрғындарына қажетті қызметті көрсетіп келеді.
Алтынай Нұртайқызы кәсібін бастау үшін мемлекеттік грантқа ие болған. Кейін жеңілдетілген несие рәсімдеп, былтыр салонның жеке ғимаратын салып шықты. Қазір мұнда шаштараз, тырнақ күтімі, бет әрлеу және шаш сәндеу қызметтері көрсетіледі. Бірнеше маман тұрақты жұмыс істейді. Осылайша, ауыл тұрғындарына қажетті сұлулық қызметтері бір жерден қолжетімді болып отыр.
Алтынай Нұртайқызы, кәсіпкер
Қытайдың Синцзянь Іле қазақ автономиялық облысында тұрдық. 2023 жылы шешім қабылдадық осында келуге. Павлодарды таңдаған себебіз, Алматы жақта азаматтықты алу қиын болды. Осы жаққа жіберіп жатты бәрін. Бес облыстың ішінде осы Павлодарды таңдадық. Бірінші қалада тұрдық 2 ай, одан кейін Кенжекөлге көшіп келдік.
Кәсіптің қалыптасуына отбасының бұрыннан жинаған тәжірибесі де негіз болды. Алтынайдың айтуынша, жұбайы Қытайда тұрған кезінде жиырма жылдан астам уақыт шаштараз болып жұмыс істеген. Өзі де оған қолғабыс еткен. Қазақстанға көшіп келген соң осы істі кеңейтіп, жеке салон ашуға бел буған. Қазір тұтынушылар қатары қалыптасып, ауыл тұрғындары тұрақты келіп тұрады.
Алтынай Нұртайқызы, кәсіпкер
Отбасымен келдік. Екі ұлым бар, күйеуім бар. Төртеуміз үй алдық, қазір қызым да бар биыл дүниеге келген. Қазір бесеуміз. Қазақтың жерінде, елінде жүрі біздің арманымыз болған. Балаларымызды қазақша оқытсақ, қаны бұзылмаса, қазақ болып қалса, тілі бұзымламаса деп балалар үшін келдік. Ұрпақтарымыз қазақ болып қалсын деп.
Бүгінде салонда үш маман еңбек етеді. Алтынай қазір бала күтіміне байланысты демалыста болғанымен, кәсіптің жұмысын қадағалап отыр. Алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтіп, қала аумағынан да жаңа нысан ашуды жоспарлауда.
Сабина Жолдаспаева