Қалдықтан – кәдеге жарайтын өнім
Тұрмыста қолданылған ескі аккумулятор, пластик канистралар жай ғана қоқыс емес, өндіріс үшін шикізатқа айналуы әбден мүмкін. Павлодардағы арнайы экономикалық аймақта бұл заттарды қайта өңдеумен айналысатын бірегей кәсіпорындар іске қосылған. Өңір әл-ауқатын арттыратын ғана емес, экологиялық маңызы зор ұйымдардың жұмысымен арнайы баспасөз-туры аясында біздің түрсілім тобы танысып қайтты.
«Тандем Recycling» Павлодардағы арнайы экономикалық аймақтағы жаңадан ашылған жас кәсіпорындардың бірі. Бұл жерде, қолданыста болған аккумуляторларды қайта өңдеп, жаңасын шығарады. Өндіріс қуаттылығы жылына 12 мың тонна өнім. Жаңа аккумуляторларды қалалық кәсіпорындарға, ресейлік зауыттарға да өткізеді екен. Қорғасын аккумуляторлар сұранысқа ие. Бұл ретте, шикізатты қарапайым тұрғындардан қабылдай береді. Маусым айынан бері 250 тоннаға жуық аккумуляторды қайта өңдеп үлгерген.
Арнайы экономикалық аймақта экологиялық маңызы зор тағы бір жаңа кәсіпорын «КазРецциклен». Бұл жерде полипропилен, полиэтиленді қайта өңдеумен айналысады. Қарапайым сөзбен айтқанда, канистра, биг бег сынды өндірістік қаптарды бөлшектеп, жуып, кептіріп, әбден ұсақтайды. Пайда болған түйіршіктерді сертификаттап, сатылымға шығарады. Сол сияқты резеңке бұйымдарды, бұндай материалдан жасалған қалдықтарды, мұнай қалдықтары бар заттарды қайта өңдеумен де айналысады. Пиролиз арқылы пеш отынын жасау да қолға алынған.
Инвестициялық жоба 2023 жылғы болғанымен, өндіріс орны өз жұмысын былтыр бастап, биыл сәуірде лицензия алған. Жылына 1000 тоннадан астам қалдық заттарды қайта өңдеуден өткізіп, 600 тонна өнім шығару қуаттылығына ие. Кәсіпорында әзірге 15 адам жұмыс істейді, әлі де қызметкерлерді қабылдап жатыр. Тұрмыста қажетті пакет, пластмасса заттар, құбыр жасайтын кәсіпорындар үшін бұл жерде жасалған түйіршіктерге деген сұраныс жоғары. Сондықтан, өнімді Қазақстанның түрлі өңірлеріне жібереді.
Дархан Бекишев