Негізгі Жаңалықтар Әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинаған би

Әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинаған би

Мектеп оқушыларының қарапайым би қойылымы әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Павлодар қаласындағы №18 мектеп оқушыларының өнері түсірілген бейнежазба миллиондаған қаралым жинаған. Оқушылардың қойылымы көпшіліктің назарын қалай аударды? Алдағы материалымызда.


Би қойылымын дайындау туралы ұсынысты тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары айтқан. Ол мектеп парламентіне Ұстаздар күніне орай ерекше өнер көрсету міндетін жүктейді. Оқушылар бұл бастаманы бірден қолдап, дайындыққа кіріскен. Әр қатысушының мүмкіндігі ескеріліп, барлығы бірлесе жұмыс істеген.

Елизавета Пинигина, №18 ЖОББ мектебінің 10-сынып оқушысы

Біз Ұстаздар күніне арналған концертке дайындала бастадық. Үш апта бойы биімізді қайталап, дайындалдық. Мен үшін аса қиын болған жоқ. Себебі бәріміз бір команда болып, бар күшімізді салдық. Ал бейнежазбаның осындай танымалдыққа ие болатынын мүлде күтпедік. Үш жылдан бері мектеп парламентінің әлеуметтік желілерін жүргізіп келемін. Бұл жолы TikTok желісіне жүктеген бейнеміз екі миллионға жуық, ал Instagram желісінде үш миллионға жуық қаралым жинады. Мұндай нәтижеге өзіміз де таңғалдық.

Қойылымның негізіне театрландырылған көрініс идеясы алынған. Оны би нөміріне бейімдеп, мектеп оқушыларының қатысуымен сахналаған. Қатысушыларды іріктеу кезінде әр баланың би қимылдарын еркін орындауына мән берілген.

Эмир Умаров, №18 ЖОББ мектебінің 10-сынып оқушысы

Ол маған әуенді беріп, Ұстаздар күніне дейін осы биге дайындалуды тапсырды. Мен биге қатысатын оқушыларды іріктедім. Бүкіл мектепке ұсыныс жасадық. Соның ішінен билеуге ниет білдірген он оқушыны таңдадық. Қимылдарды барлығына ыңғайлы болатындай етіп құрастырдық. Өйткені қатысушылардың би билеу қабілеті әртүрлі. Сондықтан тым күрделі қимылдарды қоспауға тырыстық.

Бейнежазбаның көпшілікке танылуы оқушылар үшін үлкен қуаныш болды. Қазір олар әлеуметтік желілердегі парақшаларын белсенді жүргізіп, жаңа идеяларымен бөлісіп келеді. Ал ұстаздар үшін шәкірттерінің жетістігі ерекше мақтанышқа айналды.

Әсел Билялова, №18 жобб мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары

Бұл бастаманы мен көтеріп, мектеп парламентінің оқушыларына ұсындым. Олар ұсынысты белсенді түрде қолдады. Сөйтіп, би қойылымын дайындауға кірістік. Оқушыларымның осындай жетістікке жеткенін көріп, қатты қуандым. Өзім ғана емес, бүкіл педагогикалық ұжым олардың өнеріне риза болды. Шәкірттеріміздің осындай нәтижеге қол жеткізгені біз үшін үлкен мақтаныш.

Мектептегі бір би қойылымы әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Ал оқушылар өз өнерімен миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленді.


Сабина Жолдаспаева






Бөлісу