Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолданылды
Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, екі тәртіптік іс қаралды. Бірі қызметтік әдеп нормаларын сақтамаса, екіншісі құрылыс нысандарындағы жұмыстарды қабылдау кезінде заң талаптарын бұзған. Әдеп жөніндегі кеңес тексеру қорытындысы бойынша тиісті тәртіптік шаралар қолдануды ұсынды.
Алғашқы іс Павлодар қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Арман Омаровқа қатысты. Тексеруге бөлім қызметкерінің шағымы негіз болған. Өтінішке қоса берілген аудиожазбада басшының қызметкермен сөйлесу барысында әдепсіз сөздер қолданып, бірнеше рет жұмыстан кетуге кеңес бергені анықталды.
Екінші тәртіптік іс Павлодар облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азат Сатабаевқа қатысты. Тексеру барысында Железин ауданының Мыңкөл ауылындағы медициналық пункт құрылысынан бірқатар сәйкессіздік анықталған. Атап айтқанда, нысандағы жылу оқшаулағыш пен шатыр жабынының нақты қалыңдығы жобада көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген. Соған қарамастан, орындалмаған жұмыстар толық көлемде қабылданып, тиісті актілерге Азат Сатабаев қол қойған.
Азат Сатабаев, Павлодар облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары
Барлық ескертуді қабылдадық. Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кепілдік міндеттемелер аясында сотқа жүгіну рәсімі басталды. Құрылыс басқармасы бойынша кепілдік мерзімі – 10 жыл. Осы уақыт ішінде мердігерлерден кепілдік міндеттемелерін орындауды талап ету үшін сотқа жүгінуге құқығымыз бар. Өз тарапымыздан ескертулерді қабылдап, барлық кемшілікті түзетуге дайынбыз. Мүмкіндік берілсе, оларды толықтай жоямыз.
Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен Арман Омаровқа ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Ал Азат Сатабаевқа атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру жөнінде шешім қабылданды. Сонымен қатар, екі мекеме қызметкерлеріне мемлекеттік қызмет және Әдеп кодексінің талаптарын түсіндіру бойынша құқықтық оқыту жүргізу тапсырылды.
Сабина Жолдаспаева