Павлодарда асық атудан Қазақстан чемпионаты өтуде
Облысымызда асық ату спортынан ел чемпионаты өтіп жатыр. Бұл тартысты додаға кімдер қатысуда? Жарысты қайда және қашан тамашалауға болады? Әріптесім баяндайды.
Чемпионат жиырма бір жастан асқан ересектер арасында өтуде. Барлығы 19 өңірден келген спортшылар бес асық, дәстүрлі және блиц форматтарындағы асық атудан мықтыны анықтайды.
Ертіс-Баян өңірінде асық ату жоғары деңгейде дамығаны белгілі. Бұл ел чемпионатының облысымызда ұйымдастырылуына да негіз болған.
Қатысушылар қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлері, спорт шеберіне үміткерлер бар. Тәжірибелі спортшылармен қатар, жас буын өкілдері де көп. Бұл ұлттық спорт түріне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және әлеуеті зор екенін аңғартады.
Чемпионат 13 қарашаға дейін жалғасады. Шеберлік, дәлдік, ептілігі арқылы топ жарғандар ұлттық құрама қатарына енеді. Сөйтіп, ірі халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғайды.
Жұлдыз Қабылденова