Жол ережесін үйренудің тиімді жолы
Павлодарлық әзірлеушілер жүргізуші куәлігін алуға дайындалуға арналған жаңа платформа жасады. Қосымшада жол қозғалысы ережелері бойынша тесттер мен автодромдағы практикалық тапсырмалар жинақталған. Сондай-ақ дауыстық көмекші қарастырылған. Жобаның ерекшелігі қандай? Алдағы сюжеттен білейік.
Жобаның негізгі мақсаты жүргізуші куәлігін алуға дайындықты жеңілдету. Қазір платформаны онға жуық маман әзірлеп жатыр.
Ярослав Ботов, жоба авторы
Жобаны жасау идеясы танысымның жүргізуші куәлігіне дайындалып жүргенін көргенде пайда болды. Ол пайдаланатын қосымшаларды зерттеп, бұдан да ыңғайлы әрі мүмкіндігі кең платформа жасауға болатынын түсіндім. Қазір командамызда онға жуық маман бар. Олар қосымшаның графикасын, тест тапсырмаларын және автодромдағы жаттығуларды әзірлейді.
Платформаның басты ерекшелігі теориялық тесттер мен практикалық тапсырмалар бір қосымшада біріктірілген. Бұл қолданушыға емтиханға жан-жақты дайындалуға мүмкіндік береді.
Ярослав Ботов, жоба авторы
Алғашқыда Павлодар, Астана және Алматы қалаларының автодромдарын әзірледік. Кейін басқа қалаларды да қостық. Ақпаратты карталар мен спутниктік суреттер арқылы тексердік. Дауыстық көмекші тапсырмаларды орындау тәртібін түсіндіреді. Қосымша қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді.
Дауыстық көмекші қолданушыға тапсырмаларды орындау кезінде бағыт береді. Ал қате жауап берілген сұрақтар белгілі бір уақыттан кейін қайта ұсынылады. Бұл білімді бекітіп, қателермен жұмыс істеуге көмектеседі.
Сабина Жолдаспаева