Павлодар облысында бүгінде 28 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам есепте тұр. Ал, мүмкіндігі шектеулі топтарды құрудың қандай стандарттары бар? Қаулы тағайындаудың шарттары қандай?

Мамандардың айтуынша, тұрғындар тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандардың медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуі және жолдама алудағы мерзімі туралы сұрақтар соңғы уақытта көбейген. Бұл мәселелер тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Халық тарапынан ең әуелі не істеу керек деген сұрақ туындауда.

Евгений Губарев, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департамент басшысы:

Алдымен дәрігерлік комиссиядан өтуі керек. Сосын медициналық мекеменің тексеру процесі басталады. Одан кейін қайтадан бақылау жұмыстары жүреді.

Кешенді диагностикалық, емдік және оңалту іс-шаралары жүргізілгеннен кейін, дене функцияларының тұрақты бұзылуы болған жағдайда, олар еңбекке уақытша жарамсыздық немесе диагноз қойылған кезден бастап кем дегенде төрт айдан кейін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібереді.

Евгений Губарев, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департамент басшысы:

Бұл мәселенің өткір болып отырғаны мүгедектік алу үшін экспертизаны 4 ай бойы күтуі. Бұл жағдайдың тұрақты екендігін бақылау үшін берілген уақыт. Осы уақыт аралығында көз жеткізілген соң мүгедектік тағайындалады.

Денсаулығы нашарлаған жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандар еңбекке уақытша жарамсыздық анықталған күннен бастап кем дегенде екі айдан соң медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі. Тағы бір маңызды мәселе – мүгедектік шарттарын анықтау.

Евгений Губарев, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департамент басшысы:

Тізімде көрсетілген аурулары бар адамдарды мерзімсіз мүгедектік тобына алуға толық негіз бар. Бұл тізім арнайы түрде бекітілген.

Мерзімсіз мүгедектік тобын алу үшін бірінші топ үшін – кемінде төрт жыл, екінші топ үшін– кемінде бес жыл, үшінші топ үшін – алты жылға дейін бақыланады. Балаларға келетін болсақ, онда санатына қарай мерзімі де белгіленген.

Мүгедектік туралы өтінішті адамның жеке қатысуы арқылы да, қатысуынсыз да қабыланады. Павлодар облысында азаматтар мүгедектікті қашықтан алуды көбірек қалайды, бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін көп жағынан жеңілдетеді.

Жанасыл Серікбол, Валентина Леонова