2026 жылдан бастап Қазақстанда Бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізіледі. Ол тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін біріктіреді. Павлодар облысы бойынша бүгінде 641 мың адам МӘМС жүйесіне тіркелген.
Сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтар да мемлекет есебінен шұғыл және паллиативтік көмек, бастапқы медициналық қызмет, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу мүмкіндігіне ие болады. Бұған дейін онкоскрининг тек сақтандырылғандарға қолжетімді болса, енді ол барлық азаматтарға тегін көрсетіледі. Бұл әсіресе онкологиялық аурушаңдық деңгейі жоғары Павлодар облысы үшін маңызды.
Әсел Окапова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қақ-ның Павлодар облысы бойынша филиалы директорының орынбасары
қандай медициналық қызмет түрлері тегін көрсетілетінін түсіндіргім келеді. Адам жұмыс істемесе де, сақтандыру мәртебесі болмаса да немесе жарна төлемесе де, мемлекет тарапынан белгілі бір медициналық қызмет түрлеріне кепілдік беріледі. Олар шұғыл медициналық көмек, паллиативтік көмек және бастапқы медициналық-санитарлық көмек. Сонымен қатар, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды, соның ішінде туберкулез бен психикалық ауруларды емдеу де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіреді.
Келесі жылдан бастап инсульттің алдын алу және қан тамырлары ауруларын ерте анықтау үшін жаңа скринингтер енгізіледі. Бұл әлеуметтік тұрғыдан осал топтар мен декреттік демалыстағы әйелдер үшін ерекше қолдау болмақ.
Әсел Окапова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қақ-ның Павлодар облысы бойынша филиалы директорының орынбасары
МӘМС жүйесі соңғы бес жылда өзінің тиімділігі мен сенімділігін көрсетті. 2026 жылдан бастап жүйе икемдірек болады: жұмыс берушілер үшін жарна есептеу шегі 40 айлық есептік көрсеткіш, қызметкерлер үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленеді. Сондай-ақ, бес жыл қатарынан жарна төлеген азамат табысынан айырылса, сақтандырылған мәртебесі алты ай бойы сақталады. Ал жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топтар үшін жарнаны мемлекет бұрынғыдай төлей береді.
Жаңа өзгерістер емханаларды қаржыландыру жүйесіне де әсер етеді. Бір тіркелген азаматқа бөлінетін қаржы шамамен 1675 теңгені құрайды. Егер адам жыл бойы емханаға жүгінбесе, төлем мөлшері 80 пайызға, яғни 1340 теңгеге дейін төмендейді. Бұл дәрігерлерді халықпен белсенді жұмыс істеуге ынталандырады.
Дильназ Қуанышбекқызы