Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияға барды. Биыл филармония 84-ші концерттік маусымын ашты. Мекемеде 280-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында музыканттар, режиссёрлер, вокалистер, оркестр және ансамбль ұжымдары бар.
Қазіргі филармония орналасқан ғимарат тарихи нысан. Ол 1963 жылы теміржолшылардың мәдениет үйі ретінде салынған. Кейін бұл жерде «Шанырақ» халық шығармашылығы орталығы жұмыс істеді. 2020 жылы ғимарат толықтай филармонияға берілді. Облыс әкімі ғимараттың жағдайымен танысып, мекеменің қажеттіліктерін анықтау мақсатында келді.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Мен негізгі келген себебім жағдайын көрейін дегенмін. Біраз, ескі ғимарат, мүмкін қайтадан жаңғыртамыз ба. Алдын ала оны бір күнде істейтін нәрсе емес бұл. Бірақ, мың қадамды жолдың өзі бірінші жолдан басталмай ма. Сондықтан, оның бәрін алдын ала жоспарлап, келесі жылға деген секілді. Көріп кетейін деп едім, көп болды келмегелі.
Филармонияда бүгінде музей құру жұмысы басталған. Қорда екі мыңнан астам жәдігер жинақталған. Әкім филармонияның жабдықталу жағдайын сұрап, музыкалық аспаптар мен техникалық құралдарды жаңарту жоспары әзірленуі керектігін атап өтті. Филармония басшысының айтуынша, толықтай жарық, музыкалық жабдық және киімдермен қамтамасыз ету үшін шамамен 200 миллион теңге қажет.
Амангелді Қожанов, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының басшысы
Жабдықтар бойынша негізі ең соңғы алған фортопиянамыз 2016 жылғы. Одан басқа қазіргі уақытта барлық өзіміздің аспаптарымыздың жаңғырту мәселесі бар.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Жаңарту болғанда әрине тізімі өте үлкен. Негізгі дегенді қандай аспаптар? Домбыралар, қобыздар, музыкалық аппаратура, скрипка және ұрмалы аспаптар.
Филармония қызметкерлері облыс басшысына мекеменің тарихына қатысты ерекше материалдар көрсетті. Алматыдағы орталық архивтен табылған құжаттар Павлодарда Қазақ мемлекеттік филармониясының филиалы 1941 жылы жұмыс істегенін дәлелдейді. Сонымен бірге филармонияның қалыптасу тарихы туралы ресми құжаттар мен марапаттар сақталған.
Салауат Игіліков, филармония тарихын зерттеуші
Музейдің қоры деп жинап жатырмыз. Бұл жерде міне еңбек сіңірген әншілер бар
Филармония өкілдері облыстың мәдени өміріне белсенді қатысып келеді. Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі биыл 35 жылдығын атап өтеді. «Нұр» би ансамблі Оңтүстік Кореяда өткен әлемдік фестивальда жүлделі орын иеленген. Ал музей қорындағы ең құнды жәдігердің бірі Майра Шамсутдинованың шәкірті Хусаин Рамазанов қолданған баян бар. Ұжым баянда ойнап, әлі де жақсы сақталғанын көрсетті.
Филармония тек концерттер ұйымдастырып қана қоймай, ғылыми-ағартушылық бағытта да жұмыс істейді. Мекеме жастардың мәдени талғамын қалыптастырып, өнерге баулиды. Филармония әншілері шағын музыкалық нөмір орындады.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі Асаин Байханов филармонияның материалдық-техникалық базасын жаңарту қажеттігін айтты. Музыкалық жабдықтарды жаңартып, келесі жылдың басында сатып алу бойынша тапсырма берілді.
Сабина Жолдаспаева