25 қазан мен 3 қараша аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар арасында параатудан әлем кубогы өтті. Байқауға 39 елден 213 мерген қатысты. Әлемдік жарысқа қатысушылар ішінде Павлодарлық Анна Довгелевич те бар. Ол биік нәтиже көрсетіп, Қазақстан қоржынына қола медаль салды.
Қазақстан құрамасының намысын он бір спортшы қорғады. Солардың бірі – павлодарлық Анна Довгелевич, Қазақстан Республикасының спорт шебері, облыстық мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының тәрбиеленушісі.
Анна – Қазақстан чемпионаттары мен паралимпиадалық ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері. Бұл жолы да ол жүлделі орыннан көрінді: жеке есепте тоғызыншы орын алып, жұптық атудан көкшетаулық Еркін Ғаббасовпен бірге қола медаль жеңіп алды.
Анна Довгелевич, параатудан ҚР спорт шебері
«Арбаның арқалығы сәл төмендеп кетіп, соның салдарынан ереже бұзылған. Жарыс кезінде әр қатысушы 30 рет атады ғой. 28-ші атудан кейін төреші ескерту жасап, сары карточка көрсетті. Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Мұндай жағдай бұрын басымыздан өтпеген. Алайда қола үшін күрес жүріп жатқандықтан қателікті дереу дұрыстадық. Финал алдында төреші бәрін тексеріп, «бәрі дұрыс, ескертулер жоқ, қатыса беруге болады» деді».
Параату тоғыз кезеңнен тұрады. Жарыс барысында спортшылар пневматикалық мылтық пен де пневматикалық тапаншамен де оқ атады. Анна түрегеп тұрып ату, үстелге тіреліп тұрып ату және жұптық ату сияқты үш бағдарлама бойынша сынға түсті. Жүлдеге жету жолында қиын сәттер аз болмапты. Бірақ, бапкерінің айтуынша, Анна бар қиындықты еңсеріп, жоғары нәтиже көрсете алды.
Игорь Скрипин, бапкер
«Биыл Анна көктемде Кореяда өткен әлем кубогына, тамызда Сербияда өткен парап атудан гран-приге қатысты, енді міне – Әмірлікке барды. Жарыстарда өзін әрдайым жақсы қырынан көрсетеді. Жаттығуға, дайындыққа өте жауапкершілікпен қарайды. Барлық тапсырмалар мен жоспарлар толық орындайды».
Осындай қарқынды жарыс кестесі Аннаға тек спорттық бабын сақтауға ғана емес, сонымен қатар Паралимпиада ойындарына жолдама алу үшін қажетті рейтингтік ұпай жинауға мүмкіндік береді. Ал спортшының өзі ең бастысы – тоқтап қалмау дейді.
Анна Довгелевич, параатудан ҚР спорт шебері
«Ең бастысы – нормативтерді орындадық. Бұл әрі қарай ілгерілеуге мүмкіндік береді, ұпайлар жиналып, спортшы рейтингі қалыптасады. Енді сәл көбірек еңбектеніп, жеке сында да финалға шығуға тырысу керек деп ойлаймын».
Әлем кубогының қола медалі Анна Довгелевич үшін жаңа жетістіктерге жол ашқан маңызды белес болды. Павлодарлық спортшы жаттығуын жалғастырып, басты мақсатына – 2028 жылғы Паралимпиада ойындарына қатысуға сенімді түрде қадам басып келеді.