Павлодар ауданының Григорьевка ауылдық округіне қарасты Набережное мен Жаңақала ауылдары — бүгінде өркендеп, жаңарып келе жатқан елді мекендердің бірі. Жалпы халық саны — 2041 адам. Оның 1421-і Набережное ауылында тұрады. Бұл ауыл орталықтандырылған инфрақұрылымның арқасында халық тығыз қоныстанған елді мекендердің қатарына жатады.

Набережное және Жаңақала ауылы тыныс-тіршілігі жылдан-жылға жақсарып, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы тұрақты дамып келе жатқан елдімекен. Мұнда облыс бойынша ең ірі шаруашылықтар жұмыс істейді.

Талғат Бланкин, Григорьевка ауылдық округінің әкімі

Ауылымыз жылдан жылға көркейіп келеді. 3 үлкен шаруа қожалықтары бар. Адамдардың басым көпшілігі осы шаруа қожалықтарында жұмыс істейді. Халықтың тұрмыс тіршілігі қанағаттандырарлық.

Биыл Павлодар ауданында егін жинау науқаны шілде айының ортасында басталды. Жалпы егістік алқабы 95,1 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,4 мың гектарға артық. Оның ішінде дәнді дақылдар — 37,7 мың га, майлы дақылдар — 36,8 мың га, картоп — 6,5 мың га, көкөністер — 3,4 мың га, жемшөптік дақылдар — 10,7 мың гектарды қамтиды.

Ағымдағы жыл ауыл еңбеккерлері үшін табысты жыл болды. Қазір қоймаларда жиналған өнімдер сақтаулы. Келесі мақсат — жаңа технологияларды енгізіп, ауылшаруашылық саласын заманауи бағытта дамыту.

Жанасыл Серікбол