Павлодарда қар тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қала әкімі тапсырмасы бойынша коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қыс мезгілінде күн сайын қаланың қарын тазалауға шамамен 250 жұмысшы және екі мердігер ұйымның 300 арнайы техникасы жұмылдырылады.
Бүгінде қала көшелерінде 200-ге жуық техника жұмыс істеп, 5 мың тоннадан астам қар сыртқа шығарылды. Қар тазалау жұмыстары алдымен орталық көшелерде, қоғамдық көлік көп қатынайтын бағыттарда жүргізіледі. Кейін жұмыс екінші деңгейлі көшелерге ауысады. Сонымен қатар тротуарлар, әлеуметтік нысандарға баратын жолдар, тұрғын үйлердің ауласына кіретін өткелдер де қардан тазартылады.
Арслан Мақсұтов, Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары
Қазіргі уақытта автобус және трамвай аялдамаларының маңындағы отырғызу алаңдары, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолдары мұз бен тапталған қардан тазартылуда. Тротуарларды тазалау үшін 18 арнайы техника жұмысқа тартылды. Оның ішінде 8 құм себетін техника және 10 тротуар щеткасы бар. Ішкі аулааралық аумақтарды тазалауға 23 техника жұмылдырылды. Олар 7 жүк тиегіш, 14 самосвал және 2 жол щеткасы. Ал аула ішін тазалау жұмыстары кезекпен және тұрғындардан келіп түскен өтініштерге сәйкес жүргізіледі. Қар тазалау бойынша өтінішті 109 қызметіне хабарласып немесе әлеуметтік желідегі «акимат.павлодар» және Қала әкімі «Хасар.Хабылбеков» парақшаларына жазуға болады. Тұрғын үйлердің маңайындағы 5 метр аумақты тазалау - үйлерге қызмет көрсететін ұйымдардың міндеті. Қазір қар тазалау жұмыстары жалғасуда.
Аула тазалау жұмысына 100-ге жуық техника жұмылдырылды. Қыс бойы жолдар мен тротуарларға себуге 30 мың тонна құм дайындалды.
Сабина Жолдаспаева