Павлодар телеарнасының тарихы – бұл жай ғана жаңалықтар мен оқиғалар шежіресі емес. Бұл – шабыт беріп, таланттарды танытқан, тұтас бір ұрпақтың мәдениетін қалыптастырған шығармашылық адамдардың тарихы. Сол тарихтың жарқын беттерінің бірі – елімізде алғаш құрылған Павлодар телеарнасы жанындағы балалар хоры.
1970-жылдары телестудия жанынан балалар хорының құрылғаны туралы жаңалық тарады. Дәл осы телеорталық қабырғасында көптеген балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік алды.
Людмила Бевз, балалар хорының қатысушысы
Жаңалықтардан хорға балалар қабылданып жатқанын естідім. Біздің отбасымыздың бәрі ән айтатын. Әкем тамаша тенор болатын, анам да әнші еді. Сөйтіп, ата-анамыз бізді осында алып келді. Бұл шамамен 1970–71 жылдары еді. Сол кезде телемұнараны алғаш көргенім есімде. Аспан көк, бұлттар ақ, ал мұнара аспанға тіреліп тұрғандай әсер қалдырды. Қатты толқып, ата-анамның қолынан ұстап, көзімді жұмып тұрдым. Қайта көзімді ашсам мұнара орнында тұр екен.
Хордың репетициялары тікелей телестудияның өзінде өтетін. Балалар софиттердің жарығы мен камера алдынла ғана ән айтып қана қоймай, нағыз телекомандада жұмыс істеуді үйренді. Бәрі де тікелей эфирде, дубльсіз, монтажсыз жазылатын. Сондықтан олардың еңбектері оңай болған жоқ.
Людмила Бевз, балалар хорының қатысушысы
Біз жиі концерттерге қатыстық, теледидар арқылы тікелей эфирге шықтық. Студия біз үшін екінші үйге айналды. Мұнда жаңа жылдық бағдарламалар да түсірілетін, біз киініп, ән айтып, мерекені бірге қарсы алатынбыз. Ал эфир кезінде “Микрофон қосылды” деген жарық жанғанда, тыныс алуға да қорқатынбыз себебі тікелей эфир ғой!
Александр Бичинёв, Павлодар телеарнасының ардагері
Ол кезде бәрі тікелей эфирде өтетін. Хор да солай 5-6 ән бірден орындалатын. Балалардың, операторлардың, режиссерлердің барлығы бір ырғақпен жұмыс істейтін. Бұл нағыз командалық рухтың, кәсібиліктің үлгісі еді. Бұл үлкен мақтаныш болатын. Хормен бірге теледидар да, оның жетекшілері де, режиссерлер де мақтанды. Ол кезең үшін бұл бірегей шығармашылық жұмыс еді.
Балалар хорының ұйымдастырушылары – Ирина Чугунова мен Ирина Кононенко. Олар балалармен бар ынта-жігерімен жұмыс істеп, көптеген дарынды ұл-қыздың өнеріне жол ашты. Уақыт өте келе бұл ұжым республикалық деңгейдегі алғашқы балалар филармониясына айналды. Павлодар телеарнасының хоры жай ғана шығармашылық ұжым емес, сол дәуірдің рухын бейнелеген ерекше символ болды. Телеарна ол кезде тек ақпарат құралы ғана емес, тәрбиенің, шабыттың және бірліктің мектебі еді.
Людмила Бевз, балалар хорының қатысушысы
Телеорталық ұжымын 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Шығармашылық табыс, жаңа жобалар мен жаңа идеялар тілеймін. Павлодар – таланттар қаласы, сол жұлдыздар осы студияда жана берсін!
Бүгінде «ERTIS» телеарнасы өткенін құрметпен еске алып, болашаққа сеніммен қарайды. Телеарна алғашқы буын журналистері мен режиссерлері қалдырған шығармашылық дәстүрді жалғастырып келеді.
Дильназ Қуанышбекқызы