Көптің күткен мәдени мерекесі — «Өнер додасы – 2025» өз шымылдығын түрді. Сахна төрінде алғаш болып Баянауыл мен Ақтоғай аудандарының өнерпаздары өнер көрсетіп, думанды байқаудың көрігін қыздырды. Толығырақ байқауға куә болған тілшіміз тарқатсын.
Биыл бұл байқау екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Аймақтың рухани өмірін жандандырып, ұлттық өнердің тамырын тереңдетуді мақсат еткен жоба жеті түрлі номинацияны қамтиды. Мұнда күй мен терме, дәстүрлі ән мен би, айтыс пен ансамбль өнері тоғысады.
Замира Солтанова, Шаңырақ халық шығармашылығы орталығының басшысы
Құндылықтарымызды дәріптейтін біздің өнеріміз ол күй ауылдын алты ауызы ансамбілінен, термеден , айтыста дәстүрлі әннен, биден өнерпаздар сынға түседі. Бұл байқау 1 ай көлеміде жүреді.
Биылғы сайыстың алғашқы кезеңінде Ақтоғай мен Баянауыл, Шарбақты мен Аққулы аудандарының өнерлі жастары бақ сынасуда. Әр аудан өз жанкүйерлерімен, мәдениет майталмандарымен келіп, рухты көтеріп отыр.
Саяуыш Сәдуақасов, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары
Біз өзімізде осы жарысқа дайындалу барысында ауыл-ауылды аралап, осы талаптарға сәйкес келетін өнерпазды анықтап, соларды бастап қазір алып келдік. Тағы бір ерекшелігі көне ұмыт бола бастаған ұлт аспабын шығару. Ақтоғай ауданы бүгін шінкілдек аспабын алып келіп отырмыз. Шіңкілдек аспабымен ортекені ойнататын боламыз.
Аққулы ауданының өнерпаздары да осал емес. Олар сахна төрінде Төре Мұраттың күйлерін орындап, дәстүрлі ән бәйгесіне Жаяу Мұсаның «Баянауыл» әнін ұсынбақ.
Самат Момынжанов, Аққулы аудандық мәдениет үйінің басшысы
Енді осындай өнер додасы болып жатқаны өте қатты қуантады.Өйткені біздің ұлттық құндылықтар дәріптеле берсе деймін.Ғұмыры ұзақ болса дейміз. Біз өте қуаныштымыз. Осы жолы да жүлделі орын аламыз деген ниеттеміз. Осындай байқаулар біздің материалдық базамызды да күшейтеді.
Сайысты бірінші болып Баянауыл ауданы бастады. Өнерпаздың әуезді әні көрермен жүрегін елжіретті.
«Өнер додасы – 2025» финалы желтоқсанның 5-іне жоспарланған. Сол күні ең үздік өнер ұжымдары мен орындаушылар анықталып, ұлттық өнердің жаңа жұлдыздары жарқырамақ.
Дильназ Қуанышбекқызы